Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.

Күн тәртібінде Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер және партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында елді мекендерді таза ауыз сумен және орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету мәселелері мен партияның Жалағаш және Жаңақорған аудандық филиалдарының партиялық бақылау бекеттерінің жұмысы, жалпы партиялық бақылауды ұйымдастыру және ішкі партиялық тәртіпті нығайту жұмыстары талқыланды.

Комиссия отырысына күн тәртібіндегі сұраққа жауапты облыстық басқарма өкілдері, Жалағаш және Жаңақорған аудандық филиалдарының атқарушы хатшылары мен партиялық бақылау комиссиялары жетекшілері онлайн және оффлайн режимде қатысты.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторы екенін атап өткенін, мұнан бөлек 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде яғни, биылғы жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғандығын атап өтіп, Президент Жолдауларымен үндескен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да аймақтағы елді мекендерді таза ауыз сумен және орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету көзделгендігін баса айтты.

Жиын барысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының газ инфрақұрылымын дамыту және өндірістік қауіпсіздікті мониторингілеу бөлімінің басшысы Ислам Бектұрғанов пен басқарманың сумен қамтамасыз ету және суды бұру бөлімінің басшысы Әсет Қазтай жан-жақты баяндады.

Ислам Бектұрғановтың айтуынша ағымдағы жылдың 9 айы бойынша 6 елді мекенді газдандыру жұмыстары толығымен аяқталып, газ жүйесіне қосылған. Нәтижесінде бүгінде өңірдің газдандыру деңгейі 81 пайызды құраса, жалпы газдандырылған ауылдық елді мекендердің саны 52-ге жеткен. Бұл жұмыстарға ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттерден газдандыру жобаларына 15,7 млрд теңге бөлінген.

Жалпы өңірде 4 қала және 222 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 19 ауылдық елді мекен қалуда. Бұл елді мекендерде 5 мыңға жуық астам халық қоныстанған. Жиын барысында сөз алған басқарманың сумен қамтамасыз ету және суды бұру бөлімінің басшысы Әсет Қазтай бұл бағытта арнайы жол картасы әзірленіп жұмыс жасалуда. Жыл соңына дейін облыс бойынша 83 шақырым су құбыры салынып, Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасы толық орындалатын болады, - дейді.

Мұнан соң Жалағаш және Жаңақорған аудандық филиалдары жанындағы Партиялық бақылау комиссияларының төрағалары хабарлама жасап, аудан деңгейінде жасалып жатқан жұмыстарды жеткізді.

Комиссия мүшелері күн тәртібінде қаралған әрбір мәселе бойынша өздерінің сауалдарын қойып, жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Айтылған ұсыныстар назарға алынып, жиын хаттамасына енгізілді. Орындалуы партиялық бақылауға алынды.

Тағы да оқыңыз: