Kyzylorda-news.kz Кеше Қызылорда қаласындағы «Тағзым алаңында» Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеу жұмыстарына қатысқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ету рәсімі өтті.
Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов, республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Ерғали Базарбаев, әскери бөлім басшылары мен жастар қатысты.

Басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде ардагерлерге құрмет көрсетудің және қаза тапқан жауынгерлердің есімін ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.
«Қандай кезеңде де Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған азаматтардың ерлігі мен елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Таулы Қарабақ оқиғаларына қатысқан жерлестеріміз әскери міндетін атқару барысында күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Бүгінде олардың ерлік жолын ұлықтап, ардагерлерге құрмет көрсету – біздің азаматтық әрі адамгершілік парызымыз. Қаза тапқан жауынгерлердің есімдері ел жадында сақталып, олардың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі болуы керек», – деді Дәурен Оңғарбайұлы.

Жиында қаза тапқан жауынгерлер мен өмірден өткен ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ Айтбай мешітінің наиб имамы Қожакелді Аманжолұлы марқұмдардың рухына Құран бағыштады.
