Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары тасбөгеттіктердің  мемлекеттік бағдарламаға қатысу қарқыны артып келеді. Биыл да тұрғындарға мемлекеттік  бағдарламалардың игілігін пайдалануға  кеңес берілуде. Нәтижесінде ұлттық жоба аясында жыл басынан бері 20 тұрғын Қызылорда «Өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы өз жобаларын қорғап, 120,4 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау тапқан. 

Сондай-ақ 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз гранттың 1-ші легі бойынша 9 азамат жалпы сомасы 12 млн 420 мың теңгеге қол жеткізді. Қазіргі уақытта жаңадан кәсіп аш-қысы келетін немесе кәсібін кеңейтуге ниет білдіруші 100-ге жуық тұрғын бағдарлама шеңберінде өз жобаларын ұсынуда. 

Айта кету керек, 2022 жылы Тасбөгет кентіне 2,6 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш 3 млрд теңгеден асып отыр.
Аталған бағдарлама аясында кент тұрғыны Асылхан Оңалбаев жылыжай кешені жобасына 5 млн теңге  қаржылай қолдау алған еді. Жеке кәсіпкер «Оңалбаев» иелігіндегі нысан сәуір айынан бастап алғашқы өнімін бере бастаған. Кәсіп иесінің айтуынша, жалпы ауданы 500 шаршы метр шағын жылыжайға әзірге қияр, қызанақ, бұрыш, көшеттер егіп, өсіріп баптауда. Егер жақсы өнім беріп, тұтынушы қызығушылығын арттыра алса, кәсібін одан әрі  кеңейтіп, өнім түрін де көбейтпек. 

Жаңа іс бастауға жүрексінбей, тәуекелге бел буып, білек сыбана кіріскен азаматтың еңбекққорлығына риза болып, қолға алған үлкен жұмысына біз де сәттілік тіледік.

Тағы да оқыңыз: