Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, қала әкімі Серік Қожаниязовтың 2024 жылдың І тоқсанындағы халықпен кездесуі Тасбөгет кентінен басталды. Кездесу ашық диалог форматында жүрді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ел Үкіметінің қолдауы және облыс әкімінің үйлестіруімен өңірдің, оның ішінде қаланың өсіп-өркендеуі жаңа сатыға көтерілді. Оған шаһар басшысы Серік Салауатұлы биылғы атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарларын таныстырғанда айрықша тоқталды.

Тасбөгетте халық санының артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу секілді мәселелер өз шешімін тауып келеді. Кенттің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму барысында серпіліс ерекше.

Кенттегі ауқымды жұмыстардың бірі – Сабалақ саяжайының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету болса, оған байланысты жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Сонымен қатар, аталған саяжайдың 15 көшесіне жарықшам орнатуға және 2 көшеге жаяу жүргінші жолын салуға қаржы бөлінді.

Тұрғындардың көптен бергі ұсынысы – Қызылорда су тоспасының көпірін ашу болса, жақында облыс әкімінің қолдауымен көпір ашылды. Осылай қала мен ауылдар арасындағы көліктік қатынасы кеңейді. Кенттегі 6 көшеге жарықшам орнатылды, 9 дана аялдама қойылды. Оның ішінде кенттің шеткі көшелері Ғани Мұратбаев, Қуаныш Баймағанбетов және Әлия Молдағұлова көшелеріне ЖК «Досанова» мердігер мекемесімен аялдамалар орнатылуда. Жоба құны 5 миллион теңгені құрайды.  Сонымен қатар кент әкімі аппаратының өзін-өзі басқару шотынан тағы 3 аялдама істелінбек. Алдағы уақытта тағы 6 көшеге жарықшам, 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жүзеге асады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандар шоғырланған Ш. Есенов, Ғ. Мұратбаев, З. Шүкіров, Ә. Сапарбаев, О. Сейтпенбетов, Ә. Оразбаев көшелеріне «Алем Транс Жол» ЖШС мердігер мекемесімен келісімшарт аясында 124 миллион теңгеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Кент аумағы  көгалдандырылуда. Амангелді көшесінің бойынан арық қазылып, демеуші есебінен 2 аяқсу насосы орнатылды.  Ерте көктемнен ағаш отырғызылып, күтімге алынып жатыр.

Биыл Тасбөгет кентінде 30 ауызсу құдығы күрделі жөндеуден өтпек. Бұл құдықтардың 2009-жылы салынғанын ескерсек, тозығы жетіп шіріп және ашып-жабу ысырмасы және өрт гидранты толық істен шыққан. Жөндеу жұмысын «Эквотэк» ЖШС мердігер мекемесі атқаруда.

Десе де, қала әкімімен ашық диалог барысында кент тұрғындары өздерінің бірқатар мәселесін  жеткізді. Тасбөгеттіктер қала әкіміне көпқабатты үйлердің желден ұшқан шатырларын жөндеу мен аяқ су мәселесін көтеріп, оның шешілуіне ықпал жасауды сұрады. Жиын қорытындысында тұрғындар ашық диалог форматындағы кездесуге алғыстарын білдіріп, ақсақалдар батасын берді.

Тағы да оқыңыз: