Kyzylorda-news.kz. Қала іргесіндегі Тасбөгет кентінде де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Былтыр басталған жұмыстар биыл оң нәтижемен жалғасын тауып отыр. Өткен жылы Тасбөгет кенті әкімінің аппаратына «Инвестиция тартуда нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін» аталымы табысталған болатын.
Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықовтың айтуынша, кенттің дамуына ірі кәсіпкерлер де өздерінің қомақты үлесін қосуда. Жыл басынан бері, кент тайқазанына кәсіпкерлер тарапынан 2,6 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Бүгінде 100 миллион теңге қаражатқа саябақ жанынан биометриялық зертхана салынуда, 300 миллион теңгеге кенттегі Е.Бозғұлов көшесінің бойынан жаңа сауда кешені салынып жатыр. Ғимаратта шағын маркет, монша, көлік жуу орталығы, дәріхана және шаштараз орналаспақ. Демек жаңа жұмыс көздері пайда болып, тұрғындар жұмыспен қамтылып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне де өзіндік септігін тигізеді.
«Фирма «МТО-Центр» ЖШС жалпы құны 1 млрд. теңгеге жуық қаржыға 5 қабатты 53 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Мұның өзі баспанасы жоқ кент тұрғындары үшін ақжолтай қуаныш болып отыр. Былтырғы жылы кәсіпкерлердің демеушілігімен бірнеше нысан құрылысы жүргізіліп, соның нәтижесінде 344 миллион теңгенің жұмыстары атқарылған болатын», – дейді кент әкімі Семсер Зұлфықарұлы.
Мәселен, орталық саябақ жанынан шамамен 200 миллион теңгеге көлемі 1000 шаршы метрді құрайтын «Құддыс Ишан» мешітінің жаңа ғимараты салынуда. Кент аумағынан жаңадан салынатын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына да облыстық бюджеттен 542,1 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл спорт кешенін келер жылы пайдалануға беру жоспарлануда.