Kyzylorda-news.kz. Жан-жақты көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаулардың арқасында кәсіпкерлер табысын арттыруда. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2025»  бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге ие болғандардың қатарында Тасбөгет кентінің тұрғыны Жанар Мулдашова да  бар.

Қызылорда қаласы әкімдігінің дерегінше жеке кәсіпкер Жанар Мулдашова 2015 жылы Тасбөгет кентінен халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті құрылыс заттарын сататын дүкен ашқан.

Кәсібінің аясын кеңейту мақсатында 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен  6 пайызбен жеңілдетілген несиеге  4,2 млн.теңге қаражатқа қол жеткізеді. 

Кәсіп иесі дүкенге тауарды облыс орталығынан тасымалдайды. Тасбөгет кенті тұрғындары үшін құрылысқа қажетті заттарды осы дүкеннен алған тиімдірек, себебі дүкен заттары қолжетімді бағамен сатылуда. Қазіргі таңда кәсібі арқылы 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Тасбөгет кентіндегі келесі кәсіпкер Мырзахан Аманов кәсібін өз жеке қаражаты есебінен бастаған.  Тәулігіне 20 адамды қабылдауға мүмкіндік беретін тіс емханасы 2022 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді.

Енді Тасбөгет кенті тұрғындары өздеріне қажетті ем-дом шараларын заманауи үлгіде жабдықталған орталықта қабылдай алады. «Мырзағұл» тіс емханасында қазіргі таңда 4 адам қызмет етуде.

Өз кәсібін мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен ашқан кәсіпкердің бірі кондитер Ботагөз Төлегенова.  2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған»  бағдарламасымен «Кондитерлік цех» ашу мақсатында 3 млн.теңге несие алып, үй іргесінен шағын кондитерлік өнім пісіруді бастаған. Қазіргі таңда кәсібін кеңейту мақсатында жаңадан цех құрылысын жүргізуде.

Кондитерлік цех әр түрлі тәттілер мен тоқаш, бәліштердің  50-ден астам түрін пісіреді. Кәсіпкер дастарханға қоятын өнімнің сапасына басты мән береді. Өнімдерін Тасбөгет кенті тұрғындары мен қала дүкендеріне жеткізіп, мереке күндері тапсырыс қабылдайды. Бүгінде кәсіпкер 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы, соңғы жылдары Тасбөгет кенті тұрғындарының кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатысу қарқыны артқан. 2021 жылы барлық бағдарламалар бойынша 103 жоба мақұлданып, 1 млрд 188 млн теңгеге қаржыландырылды. Жыл көлемінде 90 кәсіпкер тіркеліп, 150-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылған.Кент аумағынан түрлі әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар салуға сыртқы көздерден 2 млрд 130 млн теңге көлемінде қаржы тартылып, нәтижесінде 140-тан аса жаңа жұмыс орындары ашылған.

Тағы да оқыңыз: