Kyzylorda-news.kz Аманат партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов Қызылорданың астана болғанына - 100 жыл толуына орай Қызылорда қаласы әкімдігі мен мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы Қызылордам» атты тақырыпта аудандар арасында басталған облыстық өнер байқауының ашылу салтанатына қатысты. Филиал төрағасы жерлестерімізді мерекемен құттықтап, өңірде мәдениетті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.
«Қызылорданың астана болуы тарихтың жаңа беттерін ашып, елдің саяси өмірінде қазақтың ертеңіне бағытталған елеулі өзгерістер орын алды.1925 жылдың сәуір айында V пленумда «киргиз» атауын «қазақ» деп ауыстыру – Қызылорданың астана болып тұрған кезінде, осы жерде қабылданды. Бұл ұлт үшін де, біздің жерлестеріміз үшін де үлкен тарихи оқиға. Міне, ғасыр жасаған Сыр өңірі бүгінде барлық жағынан өркендеп келеді. Бір ғана мәдениет саласын айтар болсақ, аймақ басшысының қолдауымен өңіріміздің ауқымды жобалар жүзеге асты. Мәселен, былтыр «Руханият жылы» аясында 1000 орындық «Өнер орталығы» іске қосылды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдеріне арналған «Жыраулар үйі» ашылды. Қызылорда облысының барлық 7 аудан орталығында «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілсе, сол жағалаудан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. «AMANAT» партиясы да өңір мәдениеттің мәртебесін көтеріп, өнерін құрметтеуге бағытталған жұмыстарын жалғастыра беретін болады және бүгінгі аудандар арасында ұйымдастырылып отырған іс-шара өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты арттырып, ұлт руханиятына зор үлес қосады деп сенемін», деді Алмасбек Есмаханов.
Атап өтейік, «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы барлық аудандар және Қызылорда қаласы өнерпаздары арасында шілде айына дейін жалғасатын болады. Байқау жеңімпазы арнайы номинациялар, бағалы сыйлықтармен марапатталмақ. Байқау шымылдығын кеше Жаңақорған ауданы ашып, өнерпаздар қала тұрғындарына ән-жырдан шашу шашты.