Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Достық үйінің концерт залында Қызылорда облыстық татар орталығының ұйымдастыруымен Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған патриоттық рухқа толы мерекелік концерт өтті.

Мерекелік кештің шымылдығын соғыс даласындағы батыр бабалардың бейнесін ұлықтаған оқушылар мен «Жасмин» ансамблінің композициясы ашты. Сахна мерекеге сай әсем безендірілді.

Кеш барысында «Жасмин» және «Сарман» ансамбльдері әсерлі әндер мен би композицияларын тарту етті. №112 мектеп ұжымы «Ожившая фотография» мизансценасын ұсынды, «Катюша», «Сугыштан хат», «Отмените войну», «День Победы» сынды әндер орындалып, көрерменнің жүрегін елжіретті. 

«Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов құттықтау сөз сөйлеп, барша көрерменді мерекемен шын жүректен құттықтап, бейбіт өмір мен татулықтың маңызын ерекше атап өтті.

Мереке соңы «День Победы» әнімен қорытындыланып, сахнаға барлық қатысушылар мен балалар фотосуреттермен шығып, шынайы ризашылықтың көрінісін паш етті.

Қызылорда облыстық татар орталығының төрағасы Галия Гизатуллина концертке қатысқан барша өнерпаздарға, №112 мектеп ұжымына, би қойылымдарының хореографы Сұлтанұлы Расулға, техникалық қолдау көрсеткен Достық үйінің қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.

Ассамблея 2.jpg

Тағы да оқыңыз: