Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласының Қазақстанның астанасы болғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осы мерейлі дата аясында «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалында «КІТАП-AMANAT» жобасы шеңберінде «Тарих тұғыры – Қызылорда. 100 жылдық шежіре» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – Сыр өңірінің бай тарихын, рухани мұрасын және ел дамуына қосқан үлесін кеңінен насихаттау, сонымен қатар жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру.

Көрменің салтанатты ашылуына партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова  және партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева қатысты.

Іс-шара барысында қонақтарға Сыр елінің әсем әндері мен ұлттық күйлері ұсынылып, көрменің рухани мазмұнын байыта түсті. 

Сондай-ақ, қатысушыларға Қызылорданың тарихына қатысты қызықты блиц-сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.

Көрмеде Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері  Сыр өңірінің өткені мен бүгінін сипаттайтын, өңір тұлғаларының өмірі мен еңбегін қамтитын құнды кітаптар топтамасын көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шараға қатысушылар қала тарихына арналған мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтіп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – елдің рухани дамуының басты кепілі екенін айтты.

Тағы да оқыңыз: