Kyzylorda-news.kz Соңғы кезде азық-түліктен бөлек коммуналдық қызметке төлейтін ақының да өскені байқалады. Кейбір мамандар мұның барлығы тариф саясатын ұстанудан болып отыр деп топшылаған. Тіпті енді қазақстандықтар арзан тарифті армандамай-ақ қойса да болады деп болжап отырғандар да бар. 

Мәселе неден басталды?

Несін жасырамыз біздің елдегі жылу мен энергия жүйесінің әбден ескіріп, тозығы жеткені белгілі. Мұны жауапты министрлік пен жергілікті әкімдіктер де айтып отыр. Себебі желілердің басым бөлігі кеңес кезінен қалған. Бұл өз кезегінде апатқа алып келуі ықтимал. Басқасын айтпағанның өзінде сәл жел болып, жауын жауса жарықтың өшіп қалатыны тағы бар. Қазақстанның бірнеше өңірінде жылу жүйелерінен ақау шығып, апат та болды. Дәл қыстың қақаған суығында болған апатты жағдай біздегі ахуалдың шынымен нашар екенін айғақтады. Республика жұрты Риддер, Степногор, Екібастұз қалаларындағы жағдайды әлі ұмытқан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  мұндай жағдайдың қайталанбауы тиіс екенін қатаң тапсырды. Сол сәтте үкімет, нақтырақ айтсақ жауапты министрлік тариф саясатын жүзеге асыру жобасын ұсынды. Мәселе осы жерден басталды.

Министрліктің ұстанымы қандай?

Тариф саясаты әуел баста халыққа да, билікке де тиімді болып көрінген.Себебі жауапты министрліктің айтуы солай болды. Бағдарламаны іске асыратын кезде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев біз мақалаға арқау еткен тариф саясатын энергетика секторына инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін мәлім еткен. «Бұл жаңа тарифтік саясат энергетика секторына инвестиция тартуға мүмкіндік береді.Тарифтерді қымбаттату арқылы елдегі электр станцияларының тозуын ең кемі 15 пайызға төмендетеміз, станцияларды жаңғыртуға және реконструкциялауға кең мүмкіндіктер ашылады» деген министр. Әйтсе де тарифтердің кезең-кезеңімен халықтың қалтасына ауырлық салмай қымбаттайтынын, «тарифтің өсуі инфляцияға ең минималды түрде әсер ететінін айтқан. Ақпарат көздеріне сүйенсек, жауапты сала тарифтің қымбаттауы халыққа әсер де етпейді деген сыңай танытқан. Осылайша Қазақстан жаңа, мүлде жаңа тарифтік саясатқа көшті. Министрліктің ұстанымы – тарифті көтеріп, түскен қаржыға ескірген жылу және энергетика желілерін жаңарту. Ал ол халыққа пайдалы ма? Себебі тарифтің қымбаттауы соны төлейтін халыққа әжептеуір әсер етіп отыр. Қымбатшылық алқымнан алған заманда қарапайым жұртқа бұл министрлік ойлағандай оңай болмады. 

Сейілмеген күмән

Энергетика министрлігі қанша жерден мақтаса да тариф саясатына күмәнмен қарағандар да жетіп-артылады. Соның бірі Сенат депутаты Сергей Ершов. Ол жаңа бағдарламадан Үкіметтің нәтиже шығара алатынына күмәнданатынын жеткізген.

– Үкіметтің болжамынша, тарифтерді көтеру салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бірақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бұдан бұрын да, 2009-2015 жылдары жүзеге асырылған. Алты жыл ішінде алпауыттардың тарифтері екі есеге көтерілді, осы арқылы тұтынушылардан олар 1 триллион теңгеден астам қаражат жинады. Сонымен бір мезгілде энергия өндіруші кәсіпорындар инвестициялық міндеттемелерден босатылған. Ақыр соңында жылу-электр жүйесінің тозуы бұрын-соңды болмаған алапат ауқымға жетті. Бағдарлама  күтілген үміттерді ақтамады, – деді сонда сенатор.

Экономист-сарапшы Тоғжан Шахметова «Жас Алаш» газетіне берген пікірінде бұл мәселені әлі де зерттеу керектігін жеткізген. Оның ойынша   қазіргідей геосаяси жағдай ушығып, сыртқы және ішкі экономикалық ахуал дағдарып тұрғанда бұл саясаттың жеміс бере қоюы екіталай. 

«Ұлттық банк жыл басында «инфляцияны белгілі бір межеден асырмаймыз» деп есеп береді. Былтыр, мысалы, инфляцияны 6 пайыз болады деп болжаған. Бірақ жыл соңындағы инфляция деңгейі 8,5 пайыздан асып кетті. Бас банк қымбатшылықтан сақтану үшін табиғи монополиялардың тарифіне де белгілі бір шектеу енгізіп барып болжам жасайды. Ал үкіметтің соңғы екі жылдағы «Инвестиция орнына тариф» саясаты Ұлттық банктің инфляцияны бұғаттау саясатына кері әсер етіп жатыр. Тарифтер өскен сайын инфляция да қоса өседі. Жылу мен жарыққа, суға қымбат төлеген кәсіпорын, өз өнімін арзанға сатпайды. Сондықтан тарифтер қымбаттаған сайын елдегі инфляция көрсеткіші кем дегенде 2 пайызға өсім беріп отырады. Былайынша айтқанда, үкіметтің жоспары мен Ұлттық банктің жұмысы үйлеспей отыр», – дейді экономист.

Қызылордадағы ахуал

2025 жыл есігімізден аттағанда қызылордалықтар электр энергиясына төлейтін қаржының едәуір өскенін айтып жатты. Кейбірі бұрынғыға қарағанда біршама артық төлегенін жеткізді. Мәселе ушығып бара жатқан соң жауапты мекемелер журналистердің алдына келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. 

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы  басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек электр энергиясының құны қымбаттамағанын айтты. 

– Аймақ тұрғындарын энергиямен жабдықтаушы «Энергосервис» ЕЖШС, «Шиелі жарығы» ЖШС және «Даулетэнерго» ЖШС ұйымдары өздерінің қызметін тоқтатып, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қызмет түрі «ҚЭТТК» АҚ-ға өткізілді. 2024 жылдың 18 желтоқсанындағы лицензия негізінде энергиямен жабдықтау қызметін «ҚЭТТК» АҚ жүзеге асыруда. 2025 жылдың ақпан айына дейін Қызылорда қаласында «Энергосервис» ЕЖШС тарапынан электрэнергиясын тұтыну көрсеткіші бойынша есеп жүргізілуде. Халыққа ұсынылған есеп тариф бағасының көтерілу салдарынан емес, тұтыну көрсеткішінің қабылдау уақытының ұзаруынан көбейген. Бұрын жарық тұтыну көрсеткіші ай сайын тұрақты 30 күнге есептелетін. Өткен жылдың соңында 45 күнге есептелген. Яғнитұтынушыдан соңғы көрсеткіш 15 қарашада алынса, аталған мекеменің жабылуына байланысты одан кейін желтоқсан айының соңына дейін есебі алынған. Алдағы уақытта мұндай болмайды. Бүгінде 1 қаңтардан бастап тұтыну көрсеткіші алынды, бұрыңғыдай пайдаланған жарық үшін ғана төлем төленеді. Сараланған тариф деңгейі осы уақытқа дейін интернет желісінде ашық көрсетілген, сонымен қатар халық арасында БАҚ арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді Тахир Қуанышбекұлы.

Түйін.

Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, ақпан айынан бастап электр энергиясының құны қымбаттауы мүмкін. Оның өзі нақты емес. Әйтсе де «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын» ұмытпайық. Тариф саясатынан ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Осыны да ойлау керек. Себебі ескіні халықтың есебінен жаңарту осы идеяны ойлап тапқандарға ғана тиімді, ал қарапайым жұрттың қалтасына әжептеуір салмақ. Тарифті өсіру мәселені шеше ме? Тарқатылмаған түйін осы жерде.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: