Kyzylorda-news.kz. Тараздық балабақшалардың бірінде тәрбиешінің баланы аяусыз ұрғаны анықталды. Қаршадай қызы бет және дене жарақаттарын алған ана әділдік іздеп әлек. Айтуынша дәл сол уақытта жауапты тәрбиеші жұмыс орнында болмаған. Ал бүлдіршіндерге бас-көз болып қалған көмекші оларды ойнатудың орнына ойына келгенін істеген. Ал бейнебақылау камерасындағы жазбалар ата-ананың жағасын ұстатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.                                      

Буыны қатпаған балаларды бөлмеден бөлмеге лақтырып, допша тепкен әйел іс-әрекетімді ешкім білмей қалады деп ойласа керек. Алайда Сымбат Байділдаеваның балабақшаға барғанына небәрі 4 күн болған қызының қол-аяғы көгерген соң  күдігі көбейген.

“10 қаңтар күні қызымды 12-лерден аса алуға барған кезде жауапты тәрбиеші Сыздықалиева Жанар қызымды көтеріп алып келді. Сол кезде оның екі көзі жасаурап жылап тұрды. Сол жақ беті қызарған екен, ернінің үсті ісініп, іші қанталап тұрды. Соны көріп “қызым неге жылап тұр, беті неге қызарған, ерні неге ісініп тұр” деп тәрбиешіден сұрадым. Ол маған “бала болған соң құлап қалады, ойыншыққа таласып қалады. Ерні құлағаннан ісіген, аяққа салып тербетіп ұйықтатқанда сол жақ бетімен ұйықтап қалған, содан беті қызарып тұр” деді”, – дейді қыздың анасы.

Сымбаттың айтуынша, осылайша балабақша қызметкерлері қызының әр жарасына сан түрлі сылтау айтқан. Көпке дейін қорлыққа шыдаған ол қызының тепкінің астында қалғанын білгенде қарап тұра алмапты.

“Құттыбай Әлизат сол жерде 9:00-10:00 аралығында билеп жүріп балалардың басынан ұрған, бір баланы қуалап жүріп тепкен. Сонымен қатар менің қызымды да басынан ұрып, тепкен. Бейнебақылау камерасының астында бір баланы құшақтап жатып, қолындағы ойыншығымен қызымның бетінен ұрған. Бұл жайттың бәрін айту маған өте қиын. Бәрін өз көзіммен көргенде ауыр тиді. Аналық жүрегім қан жылап, шарасыз хәлде болдым. Сонымен қатар осы тәрбиеші қызымды бір бөлмеден желкелеп алып кеп, лақтырып жібергеніне, лақтырып қана қоймай, аяғымен тепкенін куә болдық. Балаларға жауапты Жанар Сыздықалиева орнында мүлдем болған жоқ. Қайда жүргені белгісіз”, – дейді ашынған ана.

Ол 14 күннен бері сот шешімін күтіп жүрген көрінеді. Қызы небәрі 1 жас 4 айлық екен.

“Қоғамға үйреніссін, балалармен ойнасын, жалғыз қыз болған соң эгоист боп кетпесін деп ерте берген едік. Жекеменшік балабақша болған соң, ақшасын төлеп отырғаннан кейін жақсы қарайтын шығар деген үмітпен бердік. Барғанына небәрі үш күн болғанда осындай сұмдық оқиға болды. Сол жақ беті көгеріп келді. Бала болған соң құлап қалған шығар деп ойладық. Ертесіне барып ескертпек болғанда басқа тәрбиеші болды. “Мен білмеймін, жауапты тәрбиеші Жаналиеваға ескертесіз Сыздықалиеваға” деді.

“Балбөбек әлемі” балабақшасының ашылғанына 8 жыл болған. Балаларға қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдері де үйретіледі. Болжамды жылдық кірісі – 2022 жылы 594 599 271 теңге болса, 2023 жылы 421 520 442 теңге. Мемлекеттен 2022 жылы 69 194 000 теңге, 2023 жылы 72 870 000 теңге қаржы бөлінген.

“Бейнебақылау камерасын 9:00-10:00 аралығын көргеннің өзінде бірталай былықты байқадық. содан кейін жазбаны телефонға түсіріп алдым. Камераларды бұғаттап жатқанын байқадым да, “мен бәрін түсінемін, камерада өзім отырамын” дедім. Тәрбиешіні, көмекшіні шақырып “неге ұрасыздар” деп едім “қолым тиіп кетті, сипаған едік” деп мойындамады”, – дейді зардап шегушінің ағасы Талғат Байділдаев.

Заңгер Нұрболат Ибраевтың сөзінше, бұл жерде қылмыс құрамы жоқ.

“Әкімшілік құқықбұзушылықтың 72-бабына сәйкес, 10 тәулікке дейін қамауға алынады немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Екіншіден, білім беру туралы заңның 45-бабына сәйкес, оқу процесі кезінде немесе тәрбие кезінде баланың өміріне, денсаулығына тәрбиеші мен оның басшысы жауапты”, – дейді ол.

Зардап шеккен тарап құқық қорғау органдарынан ешқандай көмек болмаған соң әлеуметтік желіге оқиғаны баяндап салуға мәжбүр болған. Халық резонансы туғаннан кейін, басқа ата-аналар шулап, бұрын ол жерде қонақүй болғаны, жаман адамдар келіп-кеткені анықталған. Учаскелік полиция да сол жағдайдан кейін ғана қозғала бастаған.

Әлизат Құттыбайдың өзі төбелескен балаларды ажыратпақ болғанын айтты.

“Таңғы асты ішіп болғаннан кейін балалар ойнап жүрді. Кіші қыз ойыншықты лақтырып жіберді. Мен екеуін ажыратқан едім, сол камерада нашар көрініп қалыпты. Бірақ мен ұрған жоқпын, қол көтерген жоқпын. Тәрбиеші іші ауырып шығып кеткен. Маған жұмыс ұнайды. Тәрбиешілермен де, басшылармен де, балалармен де жақсы тіл табысамын. Бәрімен сәлемім түзу. Жұмыстан шығарғаны әділ шешім емес”, – деп ақталды ол.

Балабақша қызметкерлері үйге келіп кешірім сұраған.

Осы оқиғадан кейін балабақша тәрбиешісі мен оның көмекшісі жұмыстан шығарылды.

Жамбыл облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын атап өтті. Қазір тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Шымкентте жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаларды ұрып, кейін шыбын-шіркей өлтіретін шыбықпен қорқытып, қатарға тұрғызғаны бейнебақылауға түсіп қалған. Мұны білген ата-аналар шу шығарды.

Фото: кадрдан скриншот

Тағы да оқыңыз: