Kyzylorda-news.kz. Келер жылы әлеуметтік салада елеулі өзгерістер орын алмақ. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі әрбір отбасына мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен төлемдер бір әлеуметтік кодекс арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.
Министрдің айтуынша, Әлеуметтік кодекстің негізгі мақсаты - әр жанұяның әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекеттен берілетін тиісті жәрдемақыны дәл уақытында іске асыру болып табылады. Тиісінше, аталмыш заң аясында тек қана әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар ғана емес, еліміздегі барлық жанұялар мемлекеттік қолдаудың игілігін пайдалануға мүмкіндік алмақ.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше басымдық беріп, тиісті тапсырмаларды жүктеді. Осыған сәйкес, биыл зейнетақы мөлшеріне, толық емес отбасыларына берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып, қажетті шаралар қабылданды. Соның бірі – жаңа әлеуметтік кодекс. Бұл жаңа құжат – әлеуметтік саланы реттейтін барлық заңды біріктіруге арналған жоба болмақ. Бүгінгі таңда әлеуметтік кодекстегі өзекті мәселенің бірі - отбасылық цифрлық карта. Бұл әлеуметтік карта – әрбір қазақстандық отбасының дербес базасы ретінде қалыптасуы керек. Яғни, мемлекеттен берілетін қолдау мен жәрдемақы туралы ақпарат осы цифрлық картада енгізілуі шарт. Айта кетейін, биыл әлеуметтік жәрдемақының түрлері бойынша 800 мыңнан астам анаға бірде-бір құжатсыз арнайы көмектер берілді. Сол үшін қала және аудан басшылары тұрғындарға отбасылық цифрлық картаның тиімділігін түсіндіріп, толық ақпараттандырылуы керек», - деді министр Тамара Дүйсенова.

