Kyzylorda-news.kz. Талсуат ауылдық округінде 126 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда. Бұл туралы ауыл әкімі Айбек Жылқыбай 2021 жылы атқарылған жұмыстарға есеп беру барысында хабарлады.

«2021 жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдағы Атырау, Орынбор, Алматы, Ақмешіт, Арал көшелері орташа жол жөндеу жұмыстарынан өтіп, Сырдария, бұдан бөлек Жанкент, Қазалы, Ақтау, 7-ші көшелеріне тас төселді. Сондай-ақ, электр желісі тартылмаған А. Құнанбаев көшесінің 350 метр бөлігіне электр желісі жүргізілді», – деді ауыл әкімі.

Бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдық округте 126 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда. Өткен жылы 17 кәсіпкерлік субъект тіркеліп, 17 тұрақты жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, «Бизнестің Жол Картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 26,2 млн. теңгені құрайтын 6 жоба қолдау тауып, «Еңбек» бағдарламасымен 11 адам 6,4 млн. теңге қайтарымсыз грантқа ие болған.

Ауылдық округ тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру бағытында демеуші азаматтардың да қолдауы ерекше. Мәселен, «Абил» ЖК демеушілігімен ауылдық округтегі көпқабатты 2 тұрғын үйге және жеке 4 тұрғын үйге ауыз су желісі жүргізілсе, кәсіпкер С.Сыздықовтың демеушілігімен жалғыз басты қарттың үйіне көгілдір отын кіріп, жылу жүйесі мен ауыз су желісі жүргізілген. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қалалық мәслихат депутаты Қ. Ерназаровтың демеушілігімен мектеп ауласынан ауыл жастарына арналған жаңа заманауи футбол алаңы пайдалануға берілген.

Тағы да оқыңыз: