Kyzylorda-news.kz  Жақында «Qosyl» жастар ресурстық орталығының және Талсуат ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Келіні жақсының – керегесі алтын» тақырыбында келіндер сайысы өтті. Мұндағы басты мақсат жас отбасыларды қолдап, жас келіндердің отбасындағы құндылығы мен рөлін ұғындыру. Ұлттық дәстүрді насихаттаумен қатар отбасы мүшелерімен қарым-қатынас маңыздылығын түсіндіру, келінге, анаға деген сыйластықты ояту, ананың отбасындағы рөлін күшейту болып табылады.

Тағылымға толы сайыс төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «сәлем сөздің анасы» тақырыбымен өзін таныстыру болса, екінші кезең «өнерлі өрге жүзер», үшінші кезең «аспазшы үйдің ырысы»  мен төртінші кезең «салт дәстүрім таусылмайтын байлығым» деп аталды. Осы төрт кезең бойынша  Талсуат ауылдық округінен бес келін өздерінің бақтарын сынады.

Сайыс барысында қатысушылар қазақ халқының ертеден қалыптасқан салт-дәстүрінен құр алақан еместігін байқатты. Өздерінің таңдаулы екендерін дәлелдеді. Сондықтан бұл бәйге тартысты өтті. Алғашқы кезеңде келіндер көпшілікке өздерін таныстырса, екінші кезеңде өнерлерін көрсетті. Ал соңғы кезеңде бір әулеттің түтінін түтетіп отырған келіндердің ақылы, ой-таразысы сынға түсті. Ал қойылған сұрақтар халқымыздың әдет-ғұрып, салт дәстүріне қатысты болды.

– Талсуат ауылдық округі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шара жас келінерге берері мол. Сайысытң екінші кезеңіне құрақ көрпеше түрлерін таныстырдым. Себебі, әр құрақ көрпешенің өзіндік мағынасы болады. Нақтырақ айтатын болсам, мәселен қошқар мүйіз құрақ көрпешесіндегі бейне төрт қабырғаң тең болсын, керегең кең болсын және төрт ұлың болсын немесе найзалы ел басқаратын ұлың болсын деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ қыздың шуағын шашып тұратын, қыз жасауы атты құрақ көрпеше және екі жақтың басын тең ұстауды білдіретін таразы құрағы бар. Сонымен қатар құдық қаншалықты терең болса, барған жеріңе тастай батып, судай сің деген мағынаны білдіретін құдық құрағы да бар. Сайыс жоғары деңгейде өтті, – дейді сайысқа қатысушы Ұлпан Ұзақбаева .

Байқау қорытындысы бойынша келіндер арасынан бас жүлдені Динара Ботабаева иеленсе, бірінші орынды Ахметова Шолпан, ал екінші орынды Ұлпан Ұзақбаеваға алды. Ал үшінші орынды Гүлназ Калилаева мен Алмагүл Берік есімді келіндер місе тұтты. Жеңімпаз атанған келіндерге ауыл әкімі «Алғыс хат» пен сый-сыяпат табыстады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да сайыс дәстүрлі түрде қала жастары арасында патриоттық сананы қалыптстыру және отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында іс-шараларды іске асыру әлеуметтік қызметі аясында іске асырылатан болады.

Тағы да оқыңыз: