Kyzylorda-news.kz  Азаматтық қоғам – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тіректерінің бірі. Оның басты қозғаушы күші – халықтың бастамаларын жүзеге асыратын, қоғамдағы маңызды әлеуметтік, экономикалық және мәдени мәселелерді көтеретін үкіметтік емес ұйымдар болып табылады.

"TALQILAU" дилогтық алаңында «Miras» аймақтық кеңесінің мүшелері баc қосып, Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер, ҮЕҰ-дың азаматтық қоғамды дамытудағы орны, қол жеткізген жетістіктері мен бүгінгі күнгі түйткілдерін жан-жақты талқылады.

Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы Баймырза Қожамберлиев, кеңес мүшелері және ҮЕҰ жетекшілері мен тиісті басқарма өкілдері қатысты.

Кеңесте сөз алған партия филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов: «Жасанды интеллект, цифрлық трансформация, жаңа білім беру модельдері – мұның барлығы заман талабына сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың кепілі. Президентіміздің жасанды интеллектіні қолдауы — заманауи технологияны дамытуға бағытталған өте орынды әрі дер кезінде жасалған қадам болып табылады. Бұл бастама еліміздің ғылым мен экономиканы цифрландыру жолында алға жылжуына серпін береді.»-деді.

Отырыста алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша хабарлама жасаған кеңес төрағасы маңызды құжаттың еліміз үшін үлкен жаңалықтар мен жетістіктердің және алдағы жоспарлардың негізінде жасалғанына тоқталып өтті.

Мұнан соң күн тәртібіндегі азаматтық қоғамды дамытудағы үкіметтік емес ұйымдарының рөлі, жетістіктері мен мәселелері жөнінде қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев хабарлама жасап, атқарылған жұмыстар жайында баяндады.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыстағы қоғамдық ұйымдар саны 15 болса, бүгінде олардың қатары 1000-ға жетеді. Оның 300-ге жуығы өңірдің қоғамдық-саяси, рухани –мәдени өміріне белсенді араласуда. Облыстық және аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамында 250-ге жуық үкіметтік емес ұйым өкілдері бар.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобалар салалық принцип негізінде 14 бағытта, 3000-ға жуық адам жұмыспен қамтылуда. Қазіргі таңда ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының және «Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасының аймақта жүйелі жүзеге асуының көрінісі»-деді басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде.

Жиын соңында қатысушылар өңірдегі азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін бірқатар ұсыныстарын айтып, мәселелерді жан-жақты талқылады. 

Тағы да оқыңыз: