Kyzylorda-news.kz Кеше Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Talk-like» TEDx форматында кездесу өтті.
Мақсат – этнос жастарына мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және қолдану аясын кеңейту, ақпараттық сауаттылық және ақпараттық мәдениет ұғымын түсіндіру.
Кездесуге облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, «Даулеттен» қайырымдылық қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер, кәсіпке қаржы тарту бойынша эксперт Шәміл Қарақожа, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» РҚБ белсендісі Крис Блейк, айтыстың ақтаңгері, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов және этнос жастары, студенттер, тіл жанашырлары және БАҚ өкілдері қатысты.
TALK-LIKE-та этнос жастарына қазақ тілін еркін меңгеру, жас маманның тұлға ретінде қалыптасуы, білім алуы, ақпараттық сауаттылық, ақпаратты жан-жақты талдау, сыни ойлау арқылы қабылдау, ел қауіпсіздігіне, бірлігіне сызат түсіретін фейк ақпараттардан аулақ болу мәселелері кеңінен айтылып, түсіндірілді.
Еркін форматта ұйымдастырылған шарада «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері Нұрсұлтан Икрамов, Ангелина Белоусова және қонақ кәде ретінде Крис Блейк Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, қатысушылардың зор қошеметіне бөленді.
Студенттер тарапынан спикерлерге сұрақтар қойылып, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов кездесуді жастарға арналған арнаумен қорытындылады.