Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін баса айтқан болатын. Яғни жастарды, оның ішінде NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту арқылы олардың әлеуметтік жағдайын түзету мемлекет үшін маңызды мәселе етіп қойды.
Осы орайда, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді және аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың аймақ жастарын жұмыспен қамту бағытындағы тапсырмасын орындау мақсатында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығы жұмыссыз жастарға арналған «Еңбек жасақтары» жобасын жүзеге асыруда. Бұл туралы Жастар орталығында өткен брифингте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Талғат Тілес баяндады.
«Еңбек жасақтары» жобасын іске асырудағы басты мақсатымыз жастардың әлеуметтік жағдайына жан-жақты қолдау көрсету. Осы қолдау арқылы кемінде 5000-ға жуық жасты жұмысқа орналастыру. Яғни, қолдан іс келетін ынталы жастардың өз армандарын жүзеге асыруына демеу жасау. Ол үшін біз әр азаматпен сөйлесіп, қандай салаға биімділігі бар екенін анықтап, қажет болса сол бойынша қосымша оқытудан өткіземіз. Әрі қарай жұмысқа орналасуына немесе жеке кәсібін ашуға жәрдемдесетін боламыз», – дейді Талғат Тілес.
Осы жоба арқылы Қызылорда облысындағы жұмыссыз жастар санын 3 пайызға, оның ішінде NEET санатындағы жастар санын 5 пайызға төмендету, сондай-ақ, жас кәсіпкерлердің санын 2 есеге арттыру және де аймақ бойынша 3000-ға жуық жұмыс орындарын құру жоспарланған.
Аталған жобаны іске асыру мақсатында облыс аудандарында жастар арасында жұмыстар басталып, бүгінде жалғасын табуда. Айта кетейік, әр аудандағы еңбек жасақтарына тіркелемін деген жастар тіркелу нөмеріне хабарласса болады.



