Kyzylorda-news. kz. Карантинге байланысты табысынан айырылған азаматтарға шілде айында 42500 теңге төленсе, тамыз айында 50 пайызы, яғни 21 250 теңге төленеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
“Шілде айында біржолғы төлем алған азаматтарға ең төменгі еңбекақының жартысы автоматты түрде аударылады. Ал әлеуметтік төлемге карантин ұзартылғаннан кейін алғаш рет өтініш берген адамға төлем 1,5 ең төменгі жалақы немесе 63750 теңге (42500 + 21250 теңге) мөлшерінде тағайындалады. Шілде айында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жұмыс істейтін азаматтардың табысын толық жоғалтқан жағдайда келесі санаттар үміткер бола алады.
-Орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
– Жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар;
-Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар;
-Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;
-Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар”, – деді сала басшысы.