Kyzylorda-news.kz Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан төбелеске қатысты жеті адам қамауға алынды. Жасөспірімді өлтірген күдіктілердің осыған дейін де сотталғандары белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kozachkow телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінің мәліметінше, күдіктілердің екеуі бұған дейін де бұзақылық бабы бойынша сотталған және қазір Талғар ауданында пробациялық бақылауда.

Шерзаттың ата-анасының айтуынша, төбелеске 13 адам қатысқан. Ата-ана олардың барлығының “хуторский” қылмыстық тобының мүшелері екенін айтады.

Отбасы қоғам белсендісі Айтбек Амангелдіге көмек сұрап жүгінгені белгілі болды. Айтбек Амангелді қазір үш адвокаттың отбасыға тегін көмек беріп жатқанын айтты.

"Отбасына тегін жұмыс істеуге келіскен үш адвокат бердік. Қақтығыс кезінде баланың әкесі мен ағасы да жараланған. Адам өмірі бір бөтелке сыраның құнына тең емес екенін дәлелдеу үшін іс бойынша ақпараттардың барлығы жарияланып отыруы керек. Шерзатты үлкен кісілердің, бүкіл отбасының көзінше ұрып өлтіргені қорқынышты", – дейді Айтбек Амангелді.

Ата-анасының айтуынша, Шерзат бес баланың үлкені болған, ата-анасына дүкенде үнемі көмектеседі екен, әскери адам болуды армандапты.

Фото: әлеуметтік желіден

Тағы да оқыңыз: