Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы полиция басқармасы Тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны Талант Қазыбек – болашағынан үлкен үміт күттіретін білікті маман.

Талант 2018 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын аяқтап, сол жылы Қызылорда қалалық Полиция басқармасына тергеуші болып орналасты. Содан бері талай істің көзін танып, түрлі бағыттағы қылмыстардың ашылуына септігін тигізді. Қылмыстық істерді сотқа жолдау бағытындағы жұмыстары жоспар бойынша орындалады. Себебі тергеушіге тән табандылық, байсалдылық, зияткерлік, ойдың ұшқырлығы секілді қабілеттері оның кәсіби шеберлігін шыңдайды.

«Алғаш осы қызметке келгенімде тәжірибелі тергеушілердің жанында жүріп, олардың тергеуді жүргізу әдістері мен тәсілдерін үйрене келе, көп істер атқардым. Тергеуші сауатты және кез келген саладан хабары болу керектігін түсіндім. Себебі қылмыс әртүрлі салада, түрлі бағытта орын алады. Тергеушіге дәлдік, нақтылық, жан-жақты ойлау қасиеттері қажет. Мұндай дағдылар қылмыстық іске талдау жасап, оның ақиқатына көз жеткізу үшін керек», – дейді ол.

Тергеуші мамандығы қашан да сауаттылық пен біліктілікті, төзімділік пен ыждаһаттылықты талап етеді. Біздің басты кейіпкеріміздің жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Соған сәйкес түрлі мереке қарсаңында марапат биігінен көрініп келеді. Былтыр ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың алғысхатына ие болды. 

Талант бүгінде өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Әріптестерінің алдында абыройлы, достарының ортасында сыйлы. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!» деген сөзін өмірлік ұстаным еткен жас тергеушінің болашағына зор сеніммен қарауға болады.

Тағы да оқыңыз: