Kyzylorda-news.kz. Көненің көзіндей болған Белкөл кентін көрсек шежіре парақтарын ашып, өткен күндерге ойша шолу жасаймыз. Сондықтан кенттің  тарихы жайлы бір-екі ауыз сөз қозғауды жөн көрдік. Себебі жылдар бедеріндегі тарих өрнегін кейінгі ұрпаққа мұрағаттау, таныту – біздің борышымыз. Кезінде теміржол стансасы  болған айшықты жылдарымен есте қалатын кенттің кейінге мирас етер жылнамасын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ең алғаш көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар осы жерде бой көтерген. 

Неге Белкөл атанған?

Белкөл атауына байланысты түрлі дерек айтылады. Ел аузында айтылған түрлі дерекке мән берсек, кент аумағы бірыңғай құм болғаннан кейін халық ырымдап алдағы уақытта су мол болсын, көгерсін, өнсін, көбейсін белден көл болсын деген ниетпен «Белкөл» деп атағаны айтылады.  

Ал тағы бір мәліметте Белкөл атауы бел – «асу, кезең», «аласа асу» мәніндегі географиялық термин есебінде айтылған. Бұл жайтты ескерер болсақ, Белкөл атауы «бел, асу» астындағы, «белді асқан жердегі көл» деген мағынаны білдіреді. Егер бел сөзінің қосымша мағынаға да ие екенін еске алсақ, Белкөл–«басты, негізгі, ең үлкен көл» деген мағынаға да ие деп аталған көрінеді. 

Бірқазан... 

Белкөл кентіне қарасты Бірқазан стансасы атауының шығу тарихы жайлы деректі Сағат Жүсіптің мақаласынан алдық. Автордың айтуынша, стансаның ашылуына үлкен орыс шенеунігі келсе керек. Ол кезде бұл стансаның маңы айдыны шалқыған көлі көп, ұшып-қонған қаңқылдаған қаз-үйректі мекен екен. Көп құстың арасында алыстан ерекше әдемілігімен, сұлулығымен, ірілігімен көзге түскен, бұрын-соңды мұндай құсты бірінші көрген шенеунік «бұл қандай құс?» деп сұраған көрінеді. «Бірқазан» деген жауап алған шенеунік «олай болса, осы стансаның аты да Бірқазан болсын» депті.

Елді мекен одан көп жылдар бұрын да осылай аталып келгеніне күмәніміз жоқ. Оған орыс зерттеушілері мен әскери адамдардың күнделіктері, олардың Петербургке жазған қатынас хаттары мен жолдамаларында, одан бұрын ата-бабаларымыз сауда жасап, осы маңмен жүрген керуен жолдардың атаулары жайлы әңгімелерінде, жазбаларда Бірқазан атауының болғаны дәлел.

Кеңес дәуірінің өзінде бұл қасиетті мекенде өндіріс өркендеп, кент кемелденген. Кемелденген дейтінім, алғашқы көпқабатты зәулім үйлер осы жерде бой көтерген.  Жаңалықтың жаршысындай мұндағы «Әсем» тігін және тоқыма бұйымдары фабрикасы бөлімшесі, аяқ киім тігу цехы, облыс  өнеркәсібінің өркендеуіне өзіндік өрнегін қалдырған. 

Жаңа заман лебі

Бүгінде Белкөл – жаңарып, халқы көбейіп, өз кәсіптерінің игілігін көріп, табыс көзін ұлғайтып, жақсылыққа жанашыр болып отырған кенттің бірі. Кенттің жер көлемі 5378 гектарды құрайды. Кентке қарайтын Бірқазан, Көкжиде елді мекендері бар. Халық саны 4758 болса, экономикалық белсенді халық саны 2272 адамды құрап отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны  – 450.

Кенттің экономикасын дамытып, салық тайқазанын тасытып отырған  361 шағын кәсіпкерлік нысан бар.  Олардың қатарында 2  акционерлік қоғам, 39 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 294 дара кәсіпкерлер,  24 шаруа қожалық, 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Бюджет бүйірін толтырып, белкөлдіктерді жұмыспен қамтып отырған кәсіп иелерінің жұмысы қарқынды. 
Биылғы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 71 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 71 тұрақты  жұмыс орны ашылды. 

Мемлекеттік бағдарлама өз бақытын кәсіптен тапқан тұрғындар үшін өте оңтайлы. Себебі қазір кіші, үлкен кәсіп иелері үшін мемлекет пайызы төмен несие беріп, олардың құлашын кеңге жайып, дамуына жәрдемдесумен келеді. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған кәсіпкерлер өз бизнесінің көсегесін көгертіп, елдің қажетін өтеп отыр. Былтырғы жылы  «Микробизнес-Кызылорда» Өңірлік  инвестиция орталығы  микроқаржы ұйымы арқылы  жалпы құны 28 млн теңгені құрайтын 3 жобаны қаржыландырған.

Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы»  АҚ арқылы құны 5 млн теңгені құрайтын 1 жоба, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 99,2 млн теңгені құрайтын 9 жоба қолдау тапқан.

«Өткен жылы  «Бизнес-Бастау» оқу курсы аясында 23 адам оқу курсын аяқтап, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант (400 АЕК) бойынша 20 тұрғын грант иегері атанды. Биылғы жылдың  қаңтар-маусым айлары аралығында «Бизнес-Бастау» бағдарламасымен 21 тұрғын оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грантқа өтініш берсе, 1-ші лек бойынша 4 тұрғын грант жеңімпазы атанды. Сондай-ақ  Өңірлік инвестиция орталығы арқылы жеке кәсіпкер «Майра Ізбасқанова» кір сабын шығару жобасының  құрал-жабдығына 4 млн теңге алса, осы бағдарламамен  2,5 пайызбен   «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 179,5 млн теңгені құрайтын 25 жобаның құжаты жинақталуда. «Аграрлық несие корпорациясы»   АҚ  арқылы жеке кәсіпкер «Еңбек Конакбаев» жүк тасымалы жобасына  – 6 млн теңге, Ақсәуле Ақдәулетова 2,5 % жастарға берілетін 2,1 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Ұлттық жоба аясында жеке кәсіпкер «Мубараков» айналым қаражатын толықтыруға 2-ші деңгейлі банктер арқылы 20 млн теңге несие алды. Осылайша  ауылдың гүлденіп, кәсіпкерлік саласының өркендеуіне мұндағы кәсіп иелері оң ықпалын тигізіп, көпбалалы және қолдауды қажет ететін отбасыларына қайырымдылық шарасын да үзбей жасауда», – дейді кент әкімі Жасұлан Сәду. 

Спорт – саулық кепілі

Кентте бұқаралық спорт түрлері жақсы дамып келеді. 4 ойын, 1 футбол алаңы, 1 жаттығу орны, Бірқазан елді мекенінде 1футбол алаңы,  спорт сауықтыру кешені бар. Спорт сауықтыру кешенін 2019 жылы жеке кәсіпкер Руслан Алматов мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, салған болатын. Белкөлге көрік беріп тұрған зәулім ғимаратта бүгінде еркін күрес, джио джитсу, қазақша күрес, дзюдо, каратэ, үстел теннисі, шахмат түрлерінен үйірме өткізіледі. Оған 250-ден астам бала қатысып, спортпен шұғылданып, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр. Жеке кәсіпкер Сауенова «Бизнестің жол картасы-2025» жобасымен екінші деңгейлі банктен 30 млн теңгеге спорт кешені жанынан футбол алаңы құрылысын жүргізді. Белкөлдік балалар ғана емес ересектер де бос уақыттарында осында келіп жаттығып, салауатты спорт түрімен айналысады. 

Көп игілігі – көпір

Биыл белкөлдіктердің көптен күткен жаңалығы – жаңа теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір пайдалануға берілді. Оның ұзындығы – 108 метр, биіктігі – 8 метр, ені – 2 метр. Жоба құны – 225,2 млн теңгені құрайды. «Golden City DS»  ЖШС мердігер мекемесі белкөлдіктерге сапалы көпір салып, бүгінде оның игілігін жергілікті тұрғындар көруде. 

Сонымен қатар жасөспірімдердің тәрбиесінде үгіт-насихат жұмыстарын жандандырудың маңыздылығын  ескеріп, көшелерге нақыл сөздер жазылған билбордтар ілінген. Кіреберіс  кенттің табалдырығы секілді. Қазақта «Табалдырығыңа табын» деген киелі сөз бар. Кенттің кіреберіс қақпасына оның «Төлқұжаты» тұғырланыпты.

Кітапхана – жан азығы

Белкөл кентінде орналасқан №14 кітапхана 2007 жылы құрылған.

Кітап қоры – 12774 дана, оның ішінде қазақ тілінде –8474 дана кітап бар.  Оқырмандар саны 956-ны құрайды. Кітапхана жаңа технологиямен жабдықталған. Интернет желісіне қосылған. Интернет пайдаланушылар саны күн санап өсуде. 2022 жылы сандық форматқа 10 кітап /2567 бет/, бүгінгі күнге дейін 29 кітап /5614 бет/ көшірілді. Кітап оқушылар қатары күннен күнге көбейген. Ғаламторды пайдаланушыларға да көмек беріледі. Кітапсүйер қауыммен түрлі салтанатты кештер мен конференциялар өткізіліп тұрады.

Тектілердің мекені

Бұл киелі жердің топырағынан республикаға танымал, қазақ-кеңес тарихшысы, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақ Совет энциклопедиясынан ойып орын алған белгілі азамат Тәжен Елеуов, Қазақстанның мемлекет қайраткері, Қазақстанның сыртқы істер министрі, Қазақ Совет энциклопедиясын құрастырушылардың бірі болған профессор Мүсілім Базарбай,  Кәкім Әбдіқадыров  секілді тұғырлы тұлғалар өсіп-өнген.  Кәкім Әбдіқадыров  Сыр өңірінен шыққан 21 батырдың  ішінен III  дәрежелі  «Даңқ» орденінің иегері атанған.  Елге келген соң теміржол саласында жұмыс істеп, «Құрметті құрылысшы» атағын алған. №12 «Белкөл» бекетінде 30 жылдан астам монтер болған. «Урицкий» елді мекенін жаудан азат еткені және ұрыста корсеткен ерлігі мен батылдығы үшін III дәрежелі « Даңқ» орденімен наградталды. Ленинградты жаудан азат ету шайқасында көрсеткен ерлігі үшін II - дәрежелі «Даңқ» орденін алды. Ал,  I дәрежелі «Даңқ» ордені Венгрия мен Чехославакияны неміс басқыншыларынан азат ету ұрыстарында жасалған ерлігі үшін берілді.
Тектілердің ізін жалғап, кенттің даңқын шығарып жүрген қазіргі замандастарымызбен де мақтана аламыз. Мысалы, ұлты қазақ Елена Рыбина  Белкөл кентінде дүниеге келген. Еленаны ата-анасы Белкөл кентіндегі №198 орта мектебінің орыс сыныбына береді. Соған қарамастан ол Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы», Әбділда Тәжібаев пен Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын сүйіп оқиды. Тіпті өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастарға арналған байқауларға қатысып, жүлделі орын алады. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Жаратылыстану факультетінің қазақ тобына қабылданып, оны үздік тәмамдап шығады. Мұнан соң «ҚоғамТВ» телеарнасында диктор болып жұмыс істейді. 

Бүгінде Елена Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істейді. Орыс, қазақ тілдерін ана тілі санайтын ол, енді ағылшын тілін меңгеруде. 
Нұрлан Жақыпбеков десе жұртшылық елең ете қалады. Бұл есім бізге етене таныс. Нұрлан Жаңақұлұлы телевизия саласында қызмет атқарды.  1987 жылы дүниеге келген. Ол Белкөлдегі №189 мектепті үздік бітірген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Еңбек жолын студент кезінде Қызылорда қаласындағы «Қоғам ТВ» телеарнасынан бастады. Әуелгіде «Спорт әлемі», «Ұйқыашар», «Мезгіл мәселесі» хабарларының авторы әрі жүргізушісі ретінде танылды. Сондай-ақ «Жаңалықтар» бөлімінде редактор қызметін атқарып, арнаның басты ақпараттық-сараптамалық «Аптаның алты ауызы» бағдарламасының авторы әрі жүргізішісі болды. Журналистік жолы «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында жалғасып, «Жаңалықтар» бөлімінің редактор-сараптаушы қызметін атқарды. Облыстың төл арнасындағы «Үштаған» ақпаратты-сараптау бағдарламасының редакторы әрі жүргізушісі болған кезде аймақтың айшықты жаңалықтарымен қатар өзекті мәселелердің де шешімін табуға ықпал етті. «Қазақстан» Ұлттық арнасы ұйымдастырған байқауда Нұрлан Жақыпбековтың авторлығымен дайындалған «Үштаған» хабары коорпорацияға қарасты аймақтық телеарналар ішінен «Үздік» деп танылып, 1-ші орын иеленген. Белгілі журналист С.Бермағанбетов атындағы байқаудың бас жүлдегері. Қазіргі уақытта «Хабар» агенттігіне қарасты «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып келеді. Өңірдегі айшықты да, өзекті мәселелерді үнемі назарда ұстап, оның оң шешілуіне атсалысып ғана қоймай, облыстың шетел өңірлерімен байланысы аясында да бірқатар сараптамалық материалдар әзірлеп, эфирге шығарды.  

Қай саланың да майталманы болу әркімнің арманы.  Нұрболат Нұржаубайұлы туған қаламыздың ерекше сәттерін суретке түсіріп, құрметке бөленіп жүр. Кәсіпқой фотографтың түсірген суреттері көрмеге қойылып, қала көшелеріндегі бильборға ілінген. Ол 1987 жылы Белкөл кентінде дүниеге келген. Кенттегі №189 орта мектеп түлегі. 2008-2012 жылы қала әкімдігі баспасөз қызметінде теле-оператор болып еңбек еткен. 

2012-2015 жылдар аралығында «Қызылорда медиа» ЖШС-на қарасты «Ақмешіт апталығы» газетінде фото-тілші, 2015 жылдың қаңтар айынан бері «Сыр медиа» ЖШС-да фото-тілші қызметінде.

Нұрболат бірнеше рет облыс, қала әкімдігінің Алғыс хатымен, дипломымен марапатталған. «Халық алғысы» медалінің иегері. Журналистер одағының мүшесі. Тарихы тереңнен тін тартқан Белкөл кентінің шыққан белестері биік, алған асулары көп. Азаматтары ардақты, жасаған жұмыстары салмақты Белкөл кентімен қалай мақтансақ та жарасымды.

Тағы да оқыңыз: