Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтініштері бойынша жүгінген тұрғындардың мәселелері негізінде тақырыптық қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауды партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Төрешова Ләйлә Бегалықызы өткізді.

Қабылдауға келген азаматтар  «Рисмаш» мөлтек ауданындағы бір көшеде электр желісі мен ауыз су құбыры тартылмағанын және «Мерей» мөлтек ауданында жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) жағдайы нашар екенін,  одан бөлек көшелерге жол қауіпсіздік белгілері жасалмағанына да  шағымдарын білдірді. 

Сондай-ақ қаладағы көшелер бойындағы  аялдамаларға жеңіл көліктер заңсыз тұрақ етіп қойып, соның салдарынан автобустар аялдамаларға тоқтамай  кетіп жататынын әсіресе Қорқыт ата көшесі мен  А.Байтұрсынов көшесінің бойындағы кәсіпкерлік нысандар жанындағы аялдамаларды  тәртіпке келтіру қажеттігін айтты.

Тұрғындардың өтініш-тілектерін назарға алған партия филиалының атқарушы хатшысы және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі өтініштерге қолданыстағы заңнамалар аясында жауап берді. 

«Рисмаш» мөлтек  ауданындағы  электр желісімен қамтамасыз етуге бүгінгі таңда жобалық құжаттама әзірленіп, оны қаржыландыру 2026 жылы жүзеге асырылатыны хабарланды. 

Ал  “Мерей” мөлтек ауданындағы мәселелер бойынша жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, нәтижесі тұрғындарға хабарланатын болды. 

Қабылдауға арнайы шақырылған қалалық автобус паркі басшысының  мәліметіне сәйкес, қаладағы  аялдамалар  бойынша проблемелар орын алып жатқанын, ол бойынша тиісті анықтамалық ақпарат барын, айтылған кемшіліктер ескеріліп, тиісті құзырлы мекемелер арқылы жақын арада оларды шешу жолдары қаралатынын жеткізді.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова тақырыптық қабылдау негізімен аталған барлық кемшіліктер бойынша жауапты органға хат жолданатынын, тиісінше аталған мәселелер облыстық филиалдың жіті бақылауында болатынын айтты.

Тағы да оқыңыз: