Kyzylorda-news.kz. Тағдырдың жазуымен Сыр өңірін паналап қалған 30-дан астам ұлт пен ұлыс бар. Депортация дүрбелеңінен кейін олар Қызылорда өңірінде өніп-өсіп, тамыр жайды. Қазақтың тілін үйреніп, салт-дәстүріне сіңісті. Құдандалы-жекжат болып, туыстық қарым-қатынасқа ұласты. Тойлар мен мерекелерде қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, ырым-жоралғыларын жасауы осынау тереңнен тартқан татулық пен бірліктің белгісі болса керек.

Мәселен, қызылордалық Лайла Пашаева қазақтың қамзолын қашанда үстінен тастамайды. Тағдырлы жылдары кең құшақ өлкеде тамыр жайып қалған олар қазақтың салтына сіңісіп, құндылығына құрметпен қарайды. Оның ең сүйікті мерекелерінің бірі – Наурыз мерекесі екен. Ол жыл сайын Ұлыстың ұлы күнінде жеті түрлі дәмін қосып, мерекелік дастарханының басты асына балаған – Наурыз көжесін жыл бойы тоқ жүрейік деген ниетпен ұсынуының да мән-маңызы бар.

«Жеті» саны қазақ халқы үшін киелісан. Сондықтан бұл тағамды ерекше ықыласпен дайындаймыз. Дәруменге өте бай. Әсіресе әлемде түрлы жұқпалы кеселдер өршіп тұрған кезеңде ағзаны нығайтуға, күш-қуат береді дей аламыз. Бізді қазір бөліп-жару мүмкін емес. Өйткені тарихымыз бір, отанымыз бір, тіпті жанымыз қазақ болып кетті ғой», - дейді Лайла Пашаева.

Бірлігі мен берекесі жарасқан елде әрбір ұлттың салт-дәстүрін дамытуға да жағдай жасалған. Мұндай көріністі қонақжай Лайла Пашаеваның шаңырағына барғанда да көрдік. Қазақтың ұлттық тағамдарымен бірге ағыл-тегіл дастарханға шешен ұлтының бас тағамы да тарту етілді. Біз дәмін татқан жижиг галныштың дайындалу әдісі қазақтың ұлттық асына өте ұқсас. Оның қалай әзірленетінін осы үйдің туысы Раиса Элзурхаева айтып берді. 

«Бұл тағам қазақтың «Бесбармағы» сияқты асылған еттен жасалады. Қамыр илеп, ет піскен сорпаға қолдан кеспе саламыз. Ары қарай сарымсақты майдалап турап, ортаға қояды. Тамақты сарымсақпен жейді», - дейді Раиса Элзурхаева.

Жалағаштағы шешен ұлтының өкілі - Махмут Хамиевтың да шаңырағынан дәм таттық. Оның да әке-шешісі жер аударылып келген екен.

«Өзімді өзге ұлттың өкілі ретінде ешқашан, ешкім шеттеткен емес. Ауылдың балаларымен бірге ойнап, бір нанды бөліп жеп өстік. Дастарханымызда қазақтың еті асылып, бауырсағы бұрқырап тұрмаса, отбасылық мерекелік көңіл күйді сезіне алмаймыз. Біздің әке-шешеміз жер аударылып келгенде, осы жақтың халқы қатты көмектескен. Соның бәрін ата-анам айтып отыратын. Өтекең халық  - бұл халық. Бұл халықпен жақсы болыңдар дейтін еді. Расында сол жылдары бас сауғалап келген көп адам өлімнен қалған. Олардың тірі қалуына қазақ халқы көмектескендейді ол. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр – ұлттың айнасы. Түрлі ұлт өкілдерінің Ұлыстың ұлы күнімен бірге қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтай білгені – туған жерге, елге деген құрметі болса керек. Сыр өңірінде дүниеге келген әртүрлі этнос өкілдері бүгінде бейбітшілік пен татулықта күн кешуде. Бір өлкенің суын ішіп, ауасын жұтып отырған соң мәдениет пен өнерді де ортақ тұстары көп», - дейді Махмут Хамиев. 

Дегенмен ұлттық мерекелеріміз сахналық кейіптен, отбасылық, бұқаралық сипатқа айнала бастағанын көруге болады дейді, - руханият жанашырлары. Ал көпұлтты мекенде ұлық мерекені бір үйдің баласындай тойлау – расында, ынтымақты елдің ырысы таситынын тағы бір еске салғандай.

Нұрлан ЖАҚЫПБЕКОВ

Тағы да оқыңыз: