Kyzylorda-news.kz Полиция – қоғамдық тәртіптің сақшысы. «Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант етемін» деп қызметке қабылданған құқық қорғау саласы мамандарының жұмысы өзіндік ерекшелікке, қиындыққа толы. Тәулік бойы ел тыныштығын күзету міндетін мойнына алған олардың атқарар қызметі оңай деу әсте келмес. Сол сала маманы болу үшін ең алдымен физикалық тұрғыдан мықты, жүйкесі берік, шапшаң әрекет ете алатын, барынша адал әрі психолог болуы тиіс. Осындай қажыр-қайратты қажет ететін мамандыққа өмірін арнап жүрген жанның бірі – Нұрсұлтан Қожабаев.

Ауданның тәртібін қадағалап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күні-түні қызметте жүрген тәртіп сақшысы бұл салаға 2018 жылы келген. Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, осы қалада патрульдік полиция тобында қызмет етіп, алғашқы еңбек жолын бастаған. Араға бір жылдан салып ауданда одан кейін Шиелі ауданында жол патрульдік полициясында жұмыс істеп, қызметтік сатылардан өтіп, лауазымы жоғарылайды. Қазіргі таңда ол ауданда учаскелік полиция инспекторы. Таңдаған мамандықтың қырын-сырын жеткізуде тосылмаған кейіпкеріміз жұмыстың оңай емес екенін ә дегеннен жеткізді.

– Тәртіп сақшысының бойында жауапкершілік, жұмысына адалдық, өз-өзіне сенімділік, ұқыптылық болу секілді қасиеттер болуы керек. Кез келген полиция қызметкерінің басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті ретке келтіру, қылмыстың алдын алу және болдырмауға жұмыстану. Сондай-ақ мемлекетке адал болуы да басты парыз. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Біздің атқарар қызметіміз де дәл солай. Күні-түні тұрғындардың тыныш өмірі үшін табаннан тік тұрамыз. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқан тәмсілін әрдайым басшылыққа алып отырамын. Әр ісімізге халық төреші. Ел алдындағы міндетімізді адал атқару – парызымыз, – дейді аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрсұлтан Ерлікұлы.

Жалпы қызметтегі тәртіп сақшысымен жолығу бірден оңайға соқпады. Жұмысы қауырт маман өзіне бекітілген үшінші әкімшілік аймақтың тәртібі мен қауіпсіздігіне жауапты. Күнделікті алкогольдік және пробациялық есепте тұрған азаматтарды тексерсе, сондай-ақ дүкендердегі алкогольдік өнімдердің белгіленген тәртіппен сатылуын  қадағалайды. Тұрғындармен жиі кездесіп, түрлі шақыртуларға барады. Мұндайда да әрине қасында көмекшісі болуы шарт.

– Ауданда тоғыз әкімшілік аймақ болса, соның бірі маған тиесілі. Жаныма бекітілген көмекшіммен бірге көлікпен аймақтың тыныштығын күзетеміз. Қазір көліктің төбесіндегі дабыл жарығын қосып, күндіз-түні профилактикалық іс-шараны күшейткеннен кентімізде қылмыстық іс-әрекеттер азайып келеді, – дейді ол.

Нұрсұлтанның отбасында аға әпкесі ішкі істер органында қызмет істейді. Ол осы жандарға еліктеп, тәртіп сақшысы болуды қалаған. Соның ішінде ағасы Ардақтан көп тәлім алып, білмегенімді үйренемін дейді ол.

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Еліне адал қызмет етіп жүрген тәртіп сақшылары – кешегі батыр бабалардың, жаужүрек қазақтардың жалғасы болса, Нұрсұлтан Ерлікұлы қазіргі таңда қазақ полициясының бейнесін жасап жүрген азаматтардың бірі. Ендеше ауданның барлық полиция қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз.

Тағы да оқыңыз: