Kyzylorda-news.kz.  Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 30 мәдени іс шара ел назарына ұсынылмақ. Алғашқы шара бүгін «Нұрлы таң» атты республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Сымбат Тасбергенованың шығармашылық кешімен басталады. Сондай-ақ, Тәуелсіздікке тарту болған «Сыр өңірі фольклоры антологиясының» І томы «Жанқожа батыр» деген атпен жарыққа шығып, рухани қауымға жол тартты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов ауқымды мәдени шаралар тізбегін баяндады.

«Тәуелсіздікті ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл көлемінде өткізіліп келеді. Дегенмен ауқымды шара ол ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін қорытындылауға арналады. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 рухани-мәдени шара» атты іс-шаралар жоспары бекітілді. Атап айтсақ, 18-19 қараша күндері республикаға белгілі өнер иесі, ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың «Жасай бер, Қазақ елі!» атты республикалық конкурсы мен Гала-концерті; 26 қараша күні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Сыр әзілі» атты әзіл-сықақ отауының жаңа бағдарламасы; 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні орай «Көш бастаған Елбасы», «Кемеңгер көшбасшы, «Елбасы жолы», «Тұлға. Елбасы.Тарих» атты мерекелік шаралар; 4 желтоқсан күні республикамызға белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейін Жүсіпұлы Әмір-Темірдің «Тәуелсіздік төріндегі театр» атты шығармашылық кеші; Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде батыр, қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің ескерткішінің ашылуы; Жырау Көшеней Рүстембекұлының 75 жылдығына арналған «Жүрегі жаухар жампозым» атты театрландырылған қойылым концерт; 15 желтоқасан күні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылмақ», – деді басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы.

Сондай-ақ, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – елімнің еркін жолы», «Әлем таныған Қазақстан» тақырыптарында фото, кітап көрмелері, музей залдары бойынша экскурсиялар, желтоқсан оқиғасына қатысушыларымен кездесу шаралары, мерекелік концерттер өткізіледі.

Тағы да оқыңыз: