Kyzylorda-news.kz. Бүгін Саяхат мөлтек ауданындағы Бұлғақұлы көшесінде жаңа «Ақжелең» наубайxанасы іске қосылды. Жеке кәсіпкер Азамат Кобдиковтың бастамасымен жүзеге асқан наубайхананың ашылуына қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев пен қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков қатысып, кәсіпкерге сәттілік тіледі.
Бүгінде елдегі барша кәсіп ашамын, кәсіпкерлікке бет бұрамын деген тұрғындарға қайтарымсыз грант негізіндегі қаржылар, жеңілдетілген несиелер, бизнесін әрі қарай жандандыруды көздеген кәсіпкерге қосымша несиелер, мемлекеттік қолдау жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, бүгінде оны дөңгелетіп, көсегесін көгертіп отыр. Соның бірі – бүгінгі нан зауытының иесі.
Кәсіпкердің айтуынша, наубайxана нан пісіруге қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда күніне тапсырысқа сай 20 000 дана нан пісіріледі екен. Наннан өзге кондитерлік өнімдер де сатылымға шығарылады. Кәсіпкерлік нысанда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Айта кеткен жөн болар, кәсіп иесі Азамат Мәдениетұлы жалпы құны 400 миллион теңгені құрайтын жаңа наубайхананы іске қосу үшін жеке қаражаты есебінен 215 миллион теңге және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында субсидиялау бағыты бойынша «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» арқылы 185 миллион теңгеге «Халық банкінен» қаржы алған. Нәтижесінде заманауы нысан бой көтеріп, тәулігіне толық қуатта жұмыс жасағанда 10 тонна нан өндіретін Нан зауыты іске қосылды.
«Мемлекет басшысы әрдайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет деген ойға басымдық береді. Сол себепті де түрлі бағдарлама қолға алынып, қарапайым жанның кәсіпкер атануына, ал кәсіпкердің өз ісін одан әрі үлкейтуіне жағдай жасалуда. Сондықтан халық қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалмай, қажетіне жарата білсе деймін», – дейді жеке кәсіпкер.
Жаңа нан зауытында бүгіннен бастап тындырымды тірлік басталғалдай. Ең бастысы, ынта болса болғаны. Алдағы уақытта наубайхана өнімдері тұтынушы тарапынан жоғары бағаланады деген сенім бар. Тұрақты тапсырыс беретін тұрғындармен қоса сұраныс саны күннен-күнге көбейері бек мүмкін. Ең бастысы дайындалған өнім сөреде тұрып қалмай, бағасы – қолжетімді, сапасы – көңілге қонымды болса нұр үстіне нұр болар еді. Кәсіпкердің о баста қойған мақсаты да сол үлкен наубайхана ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамту және аймақ тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз ету болатын.
Кәсіп қылған адам қашанда жетістікке, мақсатына жетеді. Оны көзімізбен көріп келеміз. Ебін тауып әрекет етсеңіз, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әркім тек өзіне ыңғайлы, бейіміне қарай еңбек етсе болғаны.