Kyzylorda-news.kz. Алдағы екі-үш жылда ауданға қарасты елді мекендерде жарқын жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалмақ. Әсіресе табиғи газға қосылатын ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округтерде көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең кезеңімен атқарылады. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауылдарға сапарында осындай жақсы жаңалықпен бөлісті.
Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың ауылдық елді мекендерге жұмыс сапары Таң ауылында жалғасты. Мәдениет үйінде тұрғындармен жүздескен өңір басшысы ауданның даму жоспарын кеңінен тарқатып, оның ішінде ауылдық елді мекендер мәселесін шешу де қамтылғанын жасырмады.
Расында Таңда айтарлықтай мәселенің жоғын кіреберістен бірден аңғардық. Айналамызға шолу жасаған әріптесім екеуміз мұнтаздай таза көшелер мен жасыл-желектің, түрлі-түсті заманауи үлгімен салынған қоғамдық маңызы бар нысандардың ауыл ажарын арттырып тұрғанына және ауыл әкімінің іскерлігін көпке үлгі қыларлықтай екен дедік.
Айта кетейік, алдағы уақытта газ кіретін елді мекендер қатарында Таң да бар. Жергілікті халықты қуанышқа бөлеген басты жаңалық та осы. Бұл ауылдың халқы шынында не айтсын?! Көшелері айнадай, балабақшасы тағы бар, мектебі күрделі жөндеуден өткен. Жалпы, ауылды абаттандыру және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар легін тарқатамын десек, жазар дүние көп. Бір ғана «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаевтың туған жерді түлету мақсатында жүзеге асырған жарқын жобалары қаншама. Бастысы, ауылда береке бар. Оның да ауызбіршіліктің арқасында келгенін біз жақсы білеміз.
Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың қатарында ауданға қарасты 10 ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы бар. Тәртіп сақшыларына берілетін бұл тұрғын үйлер әкімдіктің меншігінде болып, учаскелік полиция инспекторы қызмет ауыстырған жағдайда келесі келетін тәртіп сақшысының пайдасына жарайтын болады. Мұны қос қолдап қолдаған ауыл тұрғындары қатынап жұмыс жасағаннан ауылдағы ағайынмен етене араласып, бірлесіп жасалған жұмыстың нәтижесі жоғары болатынын жеткізді.
Былтыр ел игілігіне берілген, Таң ауылының дамуына тағы бір серпін болған жарқын жоба – Таң ауылдық дәрігерлік амбулаториясы. Біршама уақыт бұрын Жалағаш ауданындағы іргелі елді мекен Таң ауылы тұрғындарының көптен күткен көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген еді. Ауыл халқының игілігіне қызмет ететін медициналық нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 140 млн теңге қаржыға салынған. Жаңа нысанда 1 дәрігер, 10 орта буын қызметкері, 2 кіші буын қызметкері ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, Таң ауылындағы №118 орта мектеп бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім-біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болсын ауызбіршілікпен жұмыс жасайды. Ал 1981 жылы пайдалануға берілген 624 орындық білім ошағы екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіпті. Типтік жобадағы мектеп ғимараты қазір заманауи жабдықтармен жабдықталып, талапқа сай білім беруде еш кедергімен бетпе-бет келіп отырған жоқ.
Жалпы Таң ауылының даму динамикасына келсек, тарқатып жазар дүние көп. Әсіресе бұл ауылда түрлі жарқын жобалардың жүзеге асуы жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына да оң әсерін тигізуде. Ауыл – тынымсыз тірлік жасалып жатқан елді мекендердің бірі. Әсіресе ауылды көркейту, дамыту жолында жыл сайын жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ал әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатындағы жұмыстардың бірі кәсіпкерлерге қолдау көрсету екені белгілі. Кәсіп ашып, оны дамытамын деушілерге қашанда көмек қолын созу, қайтарымсыз грантқа ие болуға және төмен пайызбен несие алу жұмыстарына да жәрдем беру де күн тәртібінде. Қашаннан берекелі тірлік бірлікпен бітетінін айтқан Асқарбек Темірбекұлы ауыл ағайындары үшін де алдағы жылдары игі істер қолға алынатынын айтып, тұрғындардың көңілін бір демдеді. Осылайша іргелес жатқан бірнеше елді мекеннің тыныс-тіршілігін бағамдап, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түріп, мәселенің шешімінен хабардар еткен, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алған өңір басшысы алдағы уақытта да елдің талап-тілегі ескерілетінін жасырмады.
Ауыл халқымен кездесу барысында аудан әкімі атқарылған және орындалуы тиіс жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ биыл жүзеге асатын шаруаларға тоқталды, тұрғындар сауалына да жауап берді.Таң ауылында бүгінде 236 отбасы қоныстанған. Әлеуметтің әлеуетін көтеруде жүйелі жобалар қолға алынған елді мекенде жұмыссыздық мәселесі жоқтың қасы десек, артық айтқандық емес.Соңғы 2-3 жылда бұл ауылда мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар жоба жүзеге асқан, бүгінде жергілікті халық оның игілігін көріп отыр. Қазіргі таңда жол сапасына қатысты мәселе жоқ. Себебі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекенде бірқатар ішкі көшенің сапасына мән берілген. Аталған жоба шеңберінде жалпы құны 568,6 млн теңгеге 10-нан астам ішкі көше орташа жөндеуден өткен. Олардың қатарында Орынбай жырау, Манақ баба, Қарасу, Мүсірәлі баба, А.Мықтыбаев, Сегізбай би, Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, А.Құнанбаев, Қоқыбай, Қ.Құлманов сынды бірқатар ішкі көшелер бар. Биыл қосымша елді мекеннің кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңғыртуға жоба сметалық құжаттары жасалуда.
Ауылдағы үшқабатты білім ошағы да «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Жобаның жалпы құны 333,2 млн теңгені құрайды. Тиісті қаражатқа нысанның есік-терезелері, едені ауыстырылып, ішкі қабырғалары қайта сыланған. Ал сыртқы қабырғалар металл сайдингтерімен қапталып, су, кәріз жүйелері жүргізілген, электр жүйелері жаңартылып, қауіпсіздік үшін дабыл қондырғылары жаңартылған.
Кез келген өңірде мәселе болатынын білеміз. Бірақ бұл ауылда мәселе жоқ сияқты. Дегенмен тіршілікті ту еткен таңдықтар бұл нәтижемен тұрақтамайтын секілді. Өйткені ауданда 2023 жылы атқарылатын жоспардың ішінде Таң ауылында да бірқатар жобалар бар екен. Мәселен, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршауға 1,3 млн теңге бөлініп, жұмыс жасалуда. Оған қоса биыл балалар ойын алаңы жөндеуден өтеді. Жобаның жалпы құны 5 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар ауылдық округ әкімі аппаратының әкімшілік ғимараты құрылысының жоба сметалық құжаттары да әзірленген. Бір сөзбен айтқанда, биыл ауылда құрылыс қарқыны күшеймесе, бәсеңдемейтін секілді.
«Бүгінде аудан экономикасының сапалы және қарқынды дамуын күшейтуге мүмкіндік берген нақты қадамдар жасалып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарымыз жоспар бойынша орындалды, орындалып та жатыр. Тұрғындардың сүйікті ісімен айналысуына, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік жасалып, аудан халқының әл-ауқатын жақсарту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылды. Иә, «Ауылы бірдің – ауызы бір» дегендей, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» аудан халқының ауызбіршілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында біраз жетістікке де жеттік. Дегенмен бұл атқарылған істерге тоқмейілсімей, алдағы уақытта бұдан да бетер құлшыныспен жұмыс жасауымыз керек. Иә, бақ та, береке де ынтымағы жарасқан, еңбекқор елде деген аталы сөз бар. Таң ауылының ырысы тасып, ауызбіршілігі арта берсін деймін», – деді аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы.
Әрине ауыл азаматтары тек мемлекетке қол жайып отырмай, өздігінен туған жерді көркейтуге жұмыс жасауды әдетке айналдырған. Осы ретте тапқанын астына басып жемей, айналасына шашып жейтін Имамзада ағамыздың туған жерді түлетуде атқарған істерін ауыз толтырып айтуға бо-лады. Алдымен ауылдағы мешітті күрделі жөндеуден өткізді. Бұл мақсатқа атпал азамат 5 млн теңге қаражат жұмсаған. Мұнан кейін ауылда мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 100 орындық балабақша ғимаратын қайта жаңғыртты. 300 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен нысан бүгінде ауыл халқының қажетіне жарап тұр. Таңдағы спорт кешені де демеуші тарапынан салынған. Жобаның жалпы құны 56 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ 40 млн теңгеге мәдениет үйі жанынан Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш орнатты.
«Ауылымызға арнайы келіп, халықпен жүздесіп, жағдайымызды біліп жатырсыздар. Істе жүрген сіздей азаматтарға алғысымыз шексіз. Көріп тұрғандарыңыздай, ауылымыз күн өткен сайын дамып келеді. Көшемізде жарық шамы жарқырап тұр, жолдарымыз теп-тегіс. Негізі біздің ауыл халқы әуелден тазалыққа қатты мән береді. Көше тазалығына әкімнен бастап әрбір ауыл тұрғыны атсалысады. Қай жерде қоқыс болса, сол жерді тазалаймыз. Содан кешке дейін тырмалап, қоқыс қоймаймыз. Қазір осыған дағдыланып қалдық», – дейді ауыл тұрғыны Жалғас Өмірбаев.
