Kyzylorda-news.kz. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Сұңғыла пікір серпілісі, ұшқыр ой ұшқыны "Тәуелсіздік тағылымы" тақырыбын тереңнен қозғап, тәлімдік қуаты тебірініс тудырды деуге болады. Өйткені ауқымдылығы, кең көзқарас кеңістігі, эстетикалық талғамы мен тарихи-саяси, әдеби-музыкалық маңызы дөңгелек үстелдің деңгейінен асып түсті.
«Достық» үйіндегі шараға ғалым да, тарихшы да, көпті көрген көреген кісі де, өнер тарланы да қатысты. Әрбірі бір-бір тұлға, айтары аз емес, анау Алаш арыстарынан бастап, желтоқсан жаңғырығына дейін, егемен ел ерекшелігі пен тәуелсіздік толғауын толқытты. Лед-экраннан видеопролог сюжеті ұсынылды.
Желтоқсан оқиғасы жайлы профессор Айтжан Оразбақов, тәуелсіздіктің маңызы туралы ғалымдар Бақытжан Ахметбек пен Қуаныш Жәрекеев, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов туралы «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Сәби Аңсатов, «Қазақ қызы» әнінің туу себебін композитор Рамазан Тайманов, саяси оқиғалар сипаттамасын тарихшы Раушан Марсали, тәуелсіздік құрдасы, ақын Мөлдір Айтбай орамды ой тастап, көпшілік көкейіндегі түйінді тапты.
Облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов тәуелсіздік тойымен баршаны құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Тәуелсіздік дегеннің өзі тәу ету, құдіретін құрметтеу дегенді білдіреді. Жалпы, азаттықты аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған қасиетті күн ретінде Тәуелсіздік – біздің барлық жетістігіміздің негізі. Енді тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау аманаты арқамызда тұр. Тарихи міндетті абыроймен іске асыру – баршамыз үшін қасиетті парыз», –деді басқарма басшысы.
Мұнан кейін Руслан Рүстемұлы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға сый-сияпат көрсетті. Оларға заманауи зерлі шапан мен камзол жапты. Шарада өнерпаз Д.Еркеғали «Қазақ қызы», Айсұлу Әбді «Сен мұңыңды бер маған» әнін, жырау Әділхан Қуаңбаев «Толғауын» орындады.

