Kyzylorda-news.kz Қызығушылықтары ортақ, бос уақытын сізбен бірге өткізіп, қуанышыңыз бен қайғыңызды бөлісуге дайын шынайы дос табу – кез келген жастағы адам үшін үлкен бақыт. Егер бала кезіңізде тағдыр сізге жайлы өмір сыйламай, жетімдер үйінде өсуге мәжбүр етсе, онда достықтың қолдауы мен жанашырлықтың орны тіпті ерекше. Мұндай сәттерде жылы сөз, шынайы қолдау мен қамқорлық адамға сенім сыйлап, болашаққа үміт береді.
Алайда дәл осы жауапты кезеңде олардың жанынан табылуы тиіс ең жақын жандар – ата-аналары – түрлі себептермен қастарында бола алмады. Дегенмен жалақы не дивиденд үшін емес, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жүрек жылуын сыйлауға әрдайым дайын адамдардың бар екені қуантады.
Қызылордада бұл жобаны «Қызылорда еріктілері» қоғамдық қоры үш жылдан бері жүзеге асырып келеді. Қор директоры Ольга Чебакованың айтуынша, «Атамекен» балалар ауылы тәрбиеленушілерінің тәуелсіз ересек өмірге қадам басуына қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы «Дара» жеке қорымен келісімге қол қойылып, «Тәлімгерлер» әлеуметтік жобасы іске қосылған.
2025 жылғы 30 сәуірде ҚР Оқу-ағарту министрлігі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар үшін міндетті оқытуды енгізетін бұйрық шығарды. Оқу курсын аяқтағаннан кейін, тәлімгерге біліктілігін растайтын сертификат беріледі.
Оқытуды тәлімгерлікпен айналысатын ұйымдар жүргізеді. Кандидаттар жазбаша өтініш беріп, қажетті құжаттарды тапсырады. Оқу ұзақтығы екі аптадан аспайды. Курсты аяқтаған соң тестілеу өткізіледі, оны сәтті тапсырған азаматтарға сертификат беріледі.
Тәлімгер болуға үміткер – ҚР кәмелетке толған азаматы, қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс. Тәлімгерлік қызмет ақысыз түрде жүзеге асырылады және 10 жастан асқан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған.
«Бұл бастама жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған», – дейді қор басшысы.
Аталған жоба Қазақстанда 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бастаманы «Дара» жеке қоры «Бала отбасында өмір сүруі керек» қоғамдық қозғалысы аясында бастама көтерген.
Жобаның мақсаты – балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді өз бетінше өмір сүруге даярлау. Тәлімгерлер өз тәжірибесі мен білімін бөлісіп, балаларды тәуелсіздікке баулиды, бағыт-бағдар береді және қолдау көрсетеді. Балалар үшін тәлімгер – сенімді дос, аға не әпке, сырлас әрі ақылшы бола алатын жан.
Дегенмен, кез келген адам тәлімгер бола алмайды. Үміткердің жасы кемінде 25-тен асуы тиіс, өйткені оның өмірлік тәжірибесі мен жеке жауапкершілігі қалыптасқан болуы маңызды.
«Қызылорда еріктілері» ҚҚ психологы Салтанат Турспенбетованың айтуынша, баланы қамқорлыққа алу үшін үміткер бірнеше іріктеу кезеңінен өтеді. Атап айтқанда, сауалнама толтыру, тестілеу, психологтармен және жоба үйлестірушілерімен жеке сұхбаттасу, сондай-ақ «Тәлімгерлер мектебінде» арнайы оқудан өтуі талап етіледі.
«Осының барлығы үміткердің балалардың жан дүниесін жақсы түсінуі, алда тұрған міндеттермен жан-жақты танысуы, қамқорлығына алатын бала алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі үшін қажет», – дейді психолог.
«Сондай-ақ үміткер балалардың өткен өміріне қатысты күрделі әңгімелерді қабылдауға және тәлімгерлік аясындағы өз қызметін нақты жоспарлауға дайын болуы тиіс. Осы мектептен өткеннен кейін ғана кімнің тәлімгер болатыны белгілі болады. Оқуға 12 адам қабылданады, алайда екі күннен соң олардың үшеуі ғана іріктеуден өтеді. Үміткер ең алдымен өзгені сол қалпында қабылдай алатын, икемді, сабырлы әрі шыдамды болуы керек», – деп жалғастырды психолог өз әңгімесін.
С.Турспенбетованың тәжірибесінде балалар үйінде өскен туыстары бар немесе белгілі бір себептермен өз баласының тәрбиесіне қатыса алмаған адамдардың тәлімгер болуға ниет білдірген жағдайлары кездескен. Мұндай азаматтар көбіне өз өміріндегі аяқталмаған гештальттарын жабуға, ішкі рухани қажеттіліктерін өтеуге не моральдық қарызын өтеуге ұмтылады. Алайда бұл жоба аясында мұндай мақсаттарды жүзеге асыру мүмкін емес. Психологтың бақылауынша, дәл осындай себеппен келген адамдар тәлімгерлік үдерісінің басты мәнін жете түсіне бермейді.
Кейде балалар ересектерден бір нәрсе күтпейді. Тәлімгер ата-ананың орнын баса алмайды, бірақ сенімді серік, жақын дос бола алады. Оның басты құндылығы – қымбат сыйлықтар емес, өз уақыты, назары мен өмірлік тәжірибесі. Сондықтан қамқорлығындағы балаға материалдық сыйлықтар ұсыну емес, бірге өткізген сапалы уақыт маңыздырақ. Бұл уақыт киноға бару немесе мерекелік іс-шараларға қатысумен ғана шектелмеуі керек.
Мәселен, азық-түлік дүкеніне бірге барып, ас дайындау сияқты қарапайым күнделікті істердің өзі өте пайдалы. Осындай әрекеттер барысында бала өмірге қажетті дағдыларды меңгереді, жауапкершілік пен дербестікке үйренеді. Дәл осы күнделікті тәжірибе оның болашағында міндетті түрде кәдеге асады.
Қазіргі уақытта тәлімгерлікке үміткерлерді кезекті іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Тілек білдірген жандардың нақты қаншасы талаптарға сай келетінін әзірге нақты айту қиын.
Балалар ауылында тәлімгерлер арнайы сипаттамалар негізінде таңдалып, 11–15 жас аралығындағы балалармен жұптастырылады. Бұл достық қарым-қатынастың болашақта жалғасатынын дөп басып айту мүмкін емес. Дегенмен, жақсы үлгі бар: өткен жылы мектепті тәмамдаған жасөспірім өз тәлімгерімен әлі күнге дейін жылы әрі сенімді қарым-қатынасты сақтап келеді.
«Балалар мен тәлімгерлер арасында сенімді қарым-қатынас орнату үшін уақыт қажет, – деп атап өтті С.Турспенбетова.
– Алғашқы кездесулер «Атамекен» балалар ауылының аумағында өтеді, кейінірек тәлімгерлер мен тәрбиеленушілер мекемеден тыс жерде де жүздесе алады. Бұл ретте барлық шығынды тәлімгер өзі көтереді, алайда белгіленген қаржылық шектен асуына рұқсат етілмейді, – дейді Салтанат Турспенбетова.
Қызылорда қаласындағы «Атамекен» балалар ауылында тәрбиеленушілер үшін барлық жағдай жасалған. Соған қарамастан мекеме «Тәлімгерлер» жобасына қатысатын еріктілердің қолдауынан бас тартпайды. Керісінше, олардың бастамаларын құптап, қолдау білдіреді. Себебі еріктілердің әрқайсысы балалардың көңілінен шығып, олардың сеніміне ие болуда.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақнұр Жүсіпбекованың айтуынша, қазіргі таңда балалар ауылындағы жеті коттеджде 48 тәрбиеленуші тұрып жатыр.
– Қазір бізде қамқорлыққа алған балаларымен жақсы қарым-қатынас орнатқан бес тәлімгер бар. Олардың мінез-құлқы мен ортақ қызығушылықтары ұқсас болғандықтан, бір-бірімен тез тіл табысып, сенімді қарым-қатынас қалыптастыра алады. Бұрын жеті тәлімгер болған. Алайда біреуі жеке себептерге байланысты жұмыстан кетсе, енді бір баланы отбасы өз қамқорлығына алды. Балаларымыз үшін тәлімгерлердің көп болғаны бізді қуантады, – дейді ол.
Балаларға мұндай қарым-қатынас форматы өте ұнайды. Олар өз тәлімгерлерін асыға күтеді, ал қандай да бір себеппен демалыс күндері кездесу өтпей қалса, оларды сағынады. Жұмыс күндері балалардың бос уақыты аз, себебі оқу, қосымша сабақтар мен қызығушылықтарына арналған үйірмелер олардың күн тәртібін толықтай қамтиды.
А. Жүсіпбекованың айтуынша, ауыл тәрбиеленушілері көбіне белсенділік пен қызығушылық танытады. Олар жақсы оқуға тырысады, өйткені көпшілігі болашақта кәсіби салада табысты мансап құру үшін жоғары оқу орнының грантын жеңіп алуды армандайды. Балалардың бұл ұмтылысын ауылда қызмет ететін тәрбиеші аналар, педагогтар мен психологтар, сондай-ақ олардың қызығушылықтарын бөлісіп, пайдалы кеңестер беретін және практикалық дағдыларды меңгеруге көмектесетін тәлімгерлер жан-жақты қолдап келеді.
Тәлімгерлердің бірі – Ұлбосын Әбдікәрім өз қамқорлығындағы Ерсұлтанмен екі жылдан бері тығыз қарым-қатынаста. Оның айтуынша, жоба туралы әлеуметтік желідегі хабарландыру арқылы білген.
– Әңгімелесуге досыммен бірге барып, екеуіміз де іріктеуден өттік, – деп еске алады Ұлбосын.
– Ерсұлтанмен тіл табысу маған өте қызық. Апта сайын кездесіп, киноға немесе дүкендерге баруға тырысамыз. Кейде оның жарыстары болып, демалыс күндері кездесе алмай қалатын сәттер де болады. Ерсұлтан футболды ерекше жақсы көреді және бұл спорт түрінен айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Егер ойындар Қызылордада өтсе, мен міндетті түрде барып, оның командасына қолдау көрсетемін, – дейді ол.
Ұлбосын мен Ерсұлтанның тағы бір ортақ қызығушылығы – трейдинг. Олар қаржы нарығындағы сауданың осы заманғы түрін бірге үйренеді. Қазір оларды ортақ мақсаттар біріктіреді: екеуі де осы салада табысқа жетіп, табысты кәсіпкерлер болғысы келеді. Тәлімгер мен оның тәрбиеленушісі мектепті бітіргеннен кейін де дос болып қалғысы келеді.
Ұлбосынның айтуынша, кейде олар басқа тәлімгерлермен бірге де уақыт өткізеді. Мысалы, жақында олар боулингке барып, бейресми жағдайда әңгімелесіп қайтты.
«Қызылорда еріктілері» қоғамдық қорында тәлімгер болғысы келетіндерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бірақ жобаға қатысудан бұрын өз мүмкіндіктеріңізді нақты бағалау қажет, себебі кері жол болмауы тиіс. Әрине, барлық балаларға көмектесу мүмкін емес, бірақ бір баланың өмірін жақсы жаққа қарай аздап өзгерту әбден мүмкін.
Аударған Мөлдір САБЫРЖАН
Фото: Нұрболат Нұржаубай
