Табысы аз отбасылардың балаларына қандай көмектер жасалады? – Kyzylorda News
Басты бет

Табысы аз отбасылардың балаларына қандай көмектер жасалады?

23.12.2019, 10:20

410 0

Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табысы аз отбасылардың балаларын қолдау мәселесіне айрықша назар аударуда. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына Жолдауында ерекше екпін қойылды. Жалпы, 20 желтоқсан күні елордада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында осы әлеуметтік бағыттағы қадамдар мен шараларға нақты түсінік берілді.

Айта кетейік, бүгінде Президенттің әлеуметтік бастамалары егжей-тегжейлі пысықталып, қоғамда бұл қадамдар кеңінен талқыға түсті. Дегенмен де жұртшылық арасында бұл оңтайлы шараларды түсініспеушілік жағдайлары да орын алып жатады.

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында сөйлеген сөзі «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында және «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында көтерілген бастамалармен өзара байланысты.

Президент өз Жолдауында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу тапсырмасын, жасөспірімдер арасында суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу қадамын, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеу қажеттігін, БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдау тапсырмасын, сондай-ақ балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту шараларын атап өткен болатын. Сонымен қатар, осы бастамалар Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасында да қамтылған еді. Жалпы, бұл ауқымды шараларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қарастырылып отыр.

Сондықтан Ұлттық кеңестің екінші отырысында да Қасым-Жомарт Тоқаев табысы аз отбасылардың балалары нақты қолдау шараларымен қамтылатынын айтты.

Мемлекет басшысы әлеуметтік реформалар туралы айта келіп, көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек мәселесі әлі де өзекті болып отыр деп санайды.

Айта кетейік, Үкіметтің алдына ашық әрі әділ атаулы көмекпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Президент мемлекеттің тек мұқтаж жандарға ғана жәрдем беруі тиіс екенін жеткізді.

Бұл тұрғыда халықтың әлеуметтік осал топтары арасындағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік көмектің толық пакеті қамтылған. Бүгінде Үкімет жаңа қадамдарды әзірлеп, тиісті заң жобасын да даярлады.

1. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу ескерілген.

Сараланған мөлшердегі жаңа мемлекеттік жәрдемақы көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда.

«Көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақыны дифференциалды, яғни айлық есептік көрсеткіштің 42,5 мың теңгеден 74 мың теңгеге дейінгі еселенген өлшемімен берілмек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2. Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет жасақталады. Бұл ретте кепілді әлеуметтік пакетті ұсыну аясында 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасыларының балалары қамтылмақ.

Ұлттық кеңес отырысында Президент мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік жиынтығымен және ең қажетті деген құрал-жабдықтармен қамтылатынын айтты.

3. 6 жастан 18 жасқа дейінгі табысы аз отбасыларының балаларын мектепте ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету қарастырылған.

«Оқушылар мектепте ыстық тамақты тегін ішеді, мектепке барып-қайту жолақысы, сондай-ақ, мектеп формасы мен оқу құралдары тегін болады. Осының барлығы мемлекет есебінен», – деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Мұнымен қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді әлеуметтік-патронаттық қолдауды күшейту керектігін қадап айтты.

Осылайша, Атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы тетіктеріне айтарлықтай түзетулер енгізіледі. Нәтижесінде, еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне баса мән беріліп, Атаулы әлеуметтік көмекті асыра пайдалану барынша азаяды.

Inform.kz

0

Пікір қалдыру