Kyzylorda-news.kz Қоршаған ортаға қамқорлық орман-тоғай қорын молайтудан бастау алады. Орманшылардың табиғатты қорғау бағытындағы іс-қимылдары жөнінде есеп берген Жаңақорған аудандық орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Мұхамеджан Рүстемовтің айтуынша, мекеме қарауындағы мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі – 791 557 гектар. Соның ішінде орманмен қамтылған аумағы 543281 гектарды құрайды екен. Орман қоры төрт орманшылыққа – Жаңақорған, Ақтас, Түркістан және Төменарық аумағына созылып жатыр. Штаттық кесте бойынша 100 қызметкер орманды күзету, қорғау және өсімін молайту бағытында еңбек етіп келеді. Қоршаған ортаны қорғау бағытында сала қызметкерлерінің жұмысы ауқымды.
– Орман тұқымбағын молайту ісіне тоқталсаңыз.
– Орманды молықтыру бойынша бекітілген жоспарға сәйкес, 2025 жылы көктем мезгілінде мекеменің 20 гектарлық уақытша сексеуіл тұқымбағынан Аралдың құрғаған ұлтанына 755 мың дана сексеуіл көшеті жөнелтілді. Оның 229 мыңы Қазалыға, 426 мыңы Қармақшыға, 100 мыңы Шиеліге жеткізілді. Ал «Ордакент» уақытша тұқымбағында 0,5 гектар жерге үйеңкі, қарағаш, сәнағаш және айлант ағаштарының тұқымы себілді. Сонымен қатар, 0,5 гектар мектеп бөлімінде 5000 дана жиде, 5000 дана терек, 10000 дана тал қаламшадан отырғызылды. Қазіргі таңда көшеттерді суару, арам шөптерден тазарту және бұрын егілген саялы ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. 2024 жылы күзде егілген 20 гектар сексеуіл тұқымбағындағы жас көшеттерді суару жұмыстары да жалғасуда. Көшеттердің шығымдылығы орташа деңгейде.
– Орман өртімен күрес мәселесі де өзекті. Бұл бағытта қандай шаралар қабылданды?
– Орман өртінің алдын алу – басты міндетіміздің бірі. Биылғы өрт қауіпті маусымда Қызылорда облысы бойынша арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес аудан көлемінде алдын алу және дайындық жұмыстары жүргізілді. Шаруақожалықтарының иелері мен ауылдық округтерге ескерту хаттар таратылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір мекемеде үш өрт сөндіру автокөлігі мен 10 тұрақты өрт сөндіруші қызмет атқарады. Өрт маусымына 2,5 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Орман қоры аумағында 114 шақырым жаңа өрт жолақтары салынса, 228 шақырым ескі жолақтар қалпына келтірілді. Сонымен бірге 110 дана аншлагтың беті жаңартылды.
– Биыл орман өрті тіркелді ме?
– Өкінішке қарай, биыл 2 өрт жағдайы тіркелді. Жалпы өртенген аумақ – 1,6 гектар. Оның ішінде 1 гектар орманды жерден 11,3 текше метр шеңгел мен жыңғыл бұталары өртенген. Кінәлі тұлғалар анықталып, заң шеңберінде 98 300 теңге айыппұл салынды. Табиғатқа келтірілген 13 191 теңге 56 тиын залал мен өрт сөндіруге жұмсалған 67 449 теңге толық өтелді.
– Орманды қорғау бағытында қандай шаралар қолға алынды?
– Орманды қорғау – біздің басты мақсатымыз. Осы жылы орман заңнамасын бұзудың алдын алу үшін 49 рет рейдтік іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде 22 құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оның ішінде 16 жағдай – аң аулау тәртібін бұзу болса, 6 жағдай – орман заңдылығын бұзу дерегімен тіркелген. Сонымен қатар 52,6 мың гектар жерге санитарлық потологиялық зерттеу жүргізіліп, зиянкестер мен жұқпалы аурулардың ошақтарына тексеру жасалды.
– Мемлекеттік қызмет көрсету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Орман пайдалану бойынша биыл 2 673,95 мың теңге қаржы жергілікті бюджетке түсті. Оның ішінде орман қоры жерінен 344,2 гектар аумақтан 2241 текше метр жыңғыл бұтасы рұқсатпен кесіліп, жергілікті тұрғындарға 498 текше метр жыңғыл босатылды. Бұл қызметтен 538,48 мың теңге қаржы бюджетке түсті. Ал жанама пайдалану аясында 116 азаматқа орман қоры жерінен 42 900 гектар жайылым, 502 гектар бау-бақша, және 0,10 гектар омарта жері берілді. Осыдан түскен кіріс көлемі 2 135,47 мың теңгені құрады.
– Мекеменің материалдық-техникалық базасы көңілдегідей ме?
– Бұл бағытта да оң өзгерістер бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің No18-02/664 бұйрығына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда мекеменің теңгерімінде 1 дана «Lutong LT2404» тракторы, 1 тіркеме, 3 өрт сөндіру автокөлігі, 1 «ГАЗ 3307» жүк көлігі, 3 патрульдік автокөлік, 11 мотоцикл, 4 мініс аты және жылжымалы тұрғын вагоны бар. Сондай-ақ биыл мекемеге қосымша 1 дана дискілі соқа, 8 дана рация және 2 дана мотолампа (су тартатын құрылғы) сатып алынды.
– Жануарлар дүниесін қорғау бойынша қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Биыл «Жануарлар дүниесін қорғау» бағдарламасы аясында биотехникалық шараларға 230 мың теңге бөлінді. Орман алқаптарында жабайы аң-құстарды қоректендіру мақсатында 1916 кг жем мен 183 кг тұз шашылды. Сонымен бірге көктемгі аң-құс санағы жүргізілді. «Киікті қорғау және браконьерлікпен күрес» шаралары бойынша тұрғындарға түсіндірілді.
– Аудан орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлерінің міндетті жұмысынан бөлек спорттық жетістіктері де көңіл қуантады. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Иә, біздің ұжым спортқа да ерекше мән береді. Жыл сайын 19 қазан – кәсіби мерекемізге орай өтетін жарыстарға белсене қатысып келеміз. Биыл облыс көлемінде өткен спорттық сайыста біздің команда жеңімпаз атанып, «МТЗ Беларусь» тракторын иеленді. Сондай-ақ облыс әкімдігі ұйымдастырған байқауда «Үздік саялы жасыл бақ» номинациясын жеңіп алдық.
– Сұхбатыңызға рақмет. Табиғатты қорғаудағы еңбектеріңіз жемісті болсын.
Айсұлу АЛДАНАЗАР
Фото: freepik.com
