Kyzylorda-news.kz. Көл иелену – жай ғана кәсіп емес, ол Табиғат-Анаға деген жанашырлығыңды білдіру. Бүгінде елімізде көлдерді иеленіп, оған қажетті деңгейде еңбектенбей, тек қана балығын пайдаланып, бас пайдасын биік қоятындар көп. Десе де, табиғатқа жанашырлық танытып, оны әркез аялай білу керегін жадымыздан шығарып жатамыз. Мені көл иеленушілердің бірі ретінде көп ой мазалайды.

Мал шаруашылығын атакәсібіміз деп бағамдаған елміз. Кез келген сауын малдың қажетті азығын бермесеңіз, сүт бермейді. Міне, осы қағида қоғамның қай саласында да болу керек. Көлді иелендіңіз бе, уақытылы суын ауыстырып, оның айналасын таза ұстап, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап отыру керек. Өз тәжірибемізде егістік алқабының тартылған арналарынан бастап, күріш алқабында қалатын жүздеген, тіпті, бірнеше мыңдаған балықты алып, өзен-көлдерге жіберу жолға қойылған. Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл елді мекені аумағындағы Базарқұл, Кіндіккөл атаулы көлдерді иелене отырып, біз ондағы тазалық жұмыстары мен балық шаруашылығын жолға қойып келеміз. Өйткені, қай іске болсын, білек сыбанып кіріскен соң, жауапкершілігін сезіну керек. Ал елдегі әрбір көл иеленуші осы қағидаларды ұстанса екен дейміз. Тіпті, бұл ретте жергілікті тұрғындардың да табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыру керек сияқты.

Темірбек ҚОЖАНОВ, Кіндіккөл-Базарқұл су айдынын иеленуші.

Тағы да оқыңыз: