Kyzylorda-news.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-де болды. Еңбекминнің басшысы кәсіпорынның жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Цемент зауытының жұмыскерлерімен кездесуде Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат туралы айтып берді.
«Халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясаты азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуді көздейді. Ол жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейтуді, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеуді, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тартуды, ішкі көші-қонды реттеуді, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға айналдыруды және қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейді», – деп хабарлады ЕХӘҚМ басшысы.
Министр сондай-ақ кездесуге қатысушыларды кәсіби дағдыларды, оның ішінде өз бетінше алған дағдыларды, сондай-ақ бейресми және информалды білім беру нәтижелерін тану шарттарын заңнамалық деңгейде бекіту туралы хабардар етті. Бұл қазақстандықтар үшін жұмыс іздеуде жаңа перспективалар ашады, сондай-ақ азаматтарды біліктілігін арттыруға ынталандыратын болады.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова кәсіби бағдар мен дағдыларды игеруден бастап, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің супермаркетіне айналған Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын мүмкіндіктердің кең ауқымы туралы айтып берді.
«Бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа жұмыс іздеуге де, жұмысшыларды іздеуге де арналған бірыңғай алаңға айналды. Сондай-ақ, Электрондық еңбек биржасында таңдалған бағыт бойынша онлайн курстардан өту арқылы жаңа кәсіби дағдыларды үйренуге болады», – деді министр.
Кездесу барысында Тамара Дүйсенова кәсіпорын жұмыскерлерінің сұрақтарына толыққанды жауап берді.

