**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/) Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы ХХІІІ республикалық Абай оқуларында жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.** Абай облысының «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында өткен дәстүрлі байқауға жалпы білім беретін ұйымдардан 120-дан астам оқушы қатысты. Дарынды өрендер Абай мен Шәкәрім шығармашылығынан 6 номинацияда бақ сынасып, қазақ халқының поэзиясын, рухани мұрасын көпшілікке насихаттады. Сырдағы зияткерлік мектептің оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, ұлы Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңін домбырамен шебер орындап шықты. > «Бұл шығарма Абайдың тағдырын, өмірдегі қиыншылықтарын, еңбектерін ашып көрсетеді. Өмірде мықты болғың келсе, Абайды оқы. Ақын өлеңдерінің зор тәрбиелік мәні бар. Ұлы ақынның әрбір шығармасы адамның дұрыс өмір сүруіне септігі мол. Мен үшін Абай – қайталанбас тұлға», – дейді жүлдегер. Сырсұңқар Базарбайұлының әдебиеттанудағы жетекшісі Күлжахан Өксікбаева мен музыкадағы ұстазы Жарасбек Өтебаев шәкірт жетістігі оның бойындағы таланты мен қажырлы еңбегінің жемісі деп санайды және алдағы уақытта бірлесе отырып талай жетістіктерді бағындыратындарына сенімді. ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2022/08/whatsapp-image-2022-08-18-at-10.52.19.jpeg)