Kyzylorda-news.kz. 1987 жылы Біріккен ұлттар ұйымының кезекті ассамблеясында 26 маусым – «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп бекітілді. Содан бері айтулы дата әлемнің барлық дерлік елінде аталып өтіледі.

Бүгінде тұтас әлемді жайлаған есірткі мәселесі өршіп тұр. Оған қарсы күрес жүргізу үшін дүниежүзі мемлекеттері аянып қалып жатқан жоқ. Еліміз де есірткіге қарсы күресте мемлекеттік саясат жүргізіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмыстарын белсене жүргізуде. 

Сырдария аудандық Жастар ресурстық орталығында атаулы күнге және нашақорлыққа қарсы күрестің айлық жариялануына байланысты семинар-тренинг өтті.

Ауданның жастар өкілі қатысқан семинарда Сырдария аудандық ауруханасының нарколог-фельдшері Қ.Жұмабеков, Сырдария аудандық жастар денсаулығы орталығы психологы А.Төлепова және саламатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің маманы Н.Балабекова арнайы дәріс оқыды.

– Елімізде ресми ақпарат бойынша есірткіге тәуелді деп саналған 110 мың азамат тіркеуде тұр. Сол себепті, Қазақстанда есірткіге қарсы күрес шаралары бір сәтке де тоқтамай, қарқынды жүргізіліп келеді. Тіпті, Президенттің өзі халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселеге қатысты мемлекеттік деңгейде дабыл қағып, есірткі, оның ішінде синтетикалық есіркінің кеңінен таралуы ел болашағына қауіп төндіретінін айтқан болатын. Өкінішке қарай, елімізде бұлай дабыл қағуға негіз болатын деректер өте көп болып отыр, – деді нарколог Қалдыбек Жұмабеков.

Семинар барысында нашақорлық жәй әуестікпен басталып, түрлі қиын жағдайларға апарып соғатыны ескертілді.

Жастарға түрлі психологиялық бағыттағы тренингтер ұйымдастырылып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану жөнінде кеңестер беріліп, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды.

Тағы да оқыңыз: