Kyzylorda-news.kz. Тереңөзек кенті клубында "Туған жерім – тұнған шежіре" атты жастар арасында брейн-ринг сайысы өтті.
Жоғарғы сынып оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану, білімдерін шыңдау, салт-дүстүрді насихаттау мақсатында өткен сайысқа аудандық білім бөлімінің әдіскері Еркін Оқасов, Жастар ресурстық орталығының маманы Жансая Байтәжиева және "Тіршілік тынысы" газетінің тілшісі Бибісара Жанәлі қазылық етті. Білім сайысына аудан орталығындағы 4 білім ордасынан 4 команада қатысты. Сайыс басталмас бұрын №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейден "Тапқырлар", №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейден "Сейхун", №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептен "Жалынды жастар" және №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектеп-лицейден "Яксарт" командаларының топ жетекшілері өздерін таныстырып, ұрандарын айтты.
Сайыс 4 кезең бойынша өтіп, "Зымыран сұрақтар, "Білгенге маржан", "Суреттер сөйлейді", "Қызық екен" кезеңдерін қамтыды. Командалық сайысты клуб әдіскері Ержан Жунусов жүргізді. Брейн-ринг ойынының шарты бойынша қойылған сұрақтарға кезек реттілігі бойынша мүдірмей, нақты жауап берілуі ескерілді. Жоғарғы сынып оқушылары ел тарихынан, салт-дәстүрден білімдерін көрсетіп, ұлттық құндылықтарды насихаттады. Туған жердің шежіресін білудегі ізденімпаздықтарын көрсетті. Ең қызықты "Суреттер сөйлейді" және "Қызық екен" кезеңдерінде жастар логикаға салып, өз ойларын еркін жеткізуге тырысты. Әсіресе, экранға берілген Қорқыт ата кешені, Байқоңыр ғарыш айлағы, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі мен Досмұқасан ансамбілі туралы толыққанды білімдерін көрсеткені қуантты.
Нәтижесінде сайысты сәтті аяқтаған "Жалынды жастар" командасы бірінші орынға шықты. Екінші орынды "Сейхун" командасы иеленсе, үшінші орынды "Тапқырлар" мен "Яксарт" өзара бөлісті. Командаларға диплом мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
