Kyzylorda-news.kz. Елімізде соңғы уақытта жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайлар көптеп орын алып жатқаны белгілі. Әлеуметтік желіде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың төбелесуі, оның соңы қайғылы қазаға әкелуі де жиі көрініс табуда.
Осыған орай бүгін Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық полиция бөліміне ер балалармен экскурсия ұйымдастырылды. Құқық бұзушылық және топтық төбелестің алдын алу мақсатында өткен іс-шараға Сырдария аудандық аграрлы-техникалық колледж студенттері мен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің оқушылары қатысты.
Полиция бөліміне жасалған экскурсия барысында құқық бұзушылықтың алдын алу және топтық төбелестің соңы неге әкеп соғатынын және қандай болатындығын жеткізу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Колледж және мектеп мұғалімдері оқушылармен бірге еріп жүрді.
Аудандық полиция бөлімінің ғимаратында орналасқан уақытша ұстау абақтысы көрсетіліп, студенттер мен оқушыларға қылмыс жасаса соңы неге әкеп соғатыны ескертілді.
Мұнан соң Қызылорда қалалық полиция бөлімінің инспектор психологы, полиция капитаны Ақнұр Сапарова арнайы семинар өткізіп, жасөспірімдерді бұзақылықтан бойларын аулақ ұстауға, мейірімді болуға шақырды. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов және АПб-нің ЖПҚб-ның КТІЖ-дегі УПИ-ры полиция лейтенанты Ақдаулет Созақбаев пен полиция аға лейтенанты Әйгерім Коштаева студенттер мен оқушыларға үлкен сенім артылатынын айтып, ата-аналары мен ұстаздарының сөзіне құлақ асудың маңызыдылығын жеткізді.
Студенттер мен оқушылар кездесу соңында қандай әсер алғандарын жеткізді.
