Kyzylorda-news.kz.  Қай кезде немесе қандай жағдай болса да әркімнің құқықтық сауаттылығы жоғары болғаны жөн. Себебі кез келген жағдайда адам баласы өзін қорғай білуі қажет. Осы орайда, құқық қорғау қызметкерлері жыл сайын түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Шілде айының 14-15 күндері аудан орталығында «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өткізілуде.

Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімінің  қызмет кенттегі Аманкелді Иманов көшесі бойында орналасқан «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ғимаратының адында аудан тұрғындарына құқық¬тық кеңес беру жұмыстарын жүргізуде. Оның барысында аудан тұрғындары жол қауіпсіздігі, көші-қон заңнамасы, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жеке куәлік алу, төл құжатты алу, автокөліктерге қосымша бөлшектер орнату және әкімшілік айыппұлдарды төлеу жөніндегі мемлекеттік қызметтерді көрсету жұмыстары бойынша құқықтық кеңестер алуда.

– Республикалық акция жыл сайын ұйымдастырылады. Мұның тұрғындарға тиімділігі мол. Өйткені, құқықтық сауаттылыққа қатысты халықтың көкейінде сұрақтар көп. Сала қызметкері ретінде тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп жатырмыз. Акция аясында аудан халқы жол қауіпсіздігі, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу секілді мәселелерге қатысты бірқатар сұрақтарын жолдап, жауап алды. Құқықтық кеңестерге қатысты түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі, – дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік инспекторы, полиция майоры Нұрлан Бердібекұлы. 

Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің бастамасымен кезекті рет Сырдария ауданында "Түнгі қаладағы балалар" жедел профилактикалық іс-шарасы аясында жасөспірімдердің беймезгіл уақытта жүрмеуін, ойын-сауық орындарында болмауын қадағалау мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық полиция бөлімі бірлесе отырып, түнгі рейд жұмыстарын жүргізді. Аталған рейд барысында сағат 23:00 ден кейін ата-анасының қарауынсыз жүрген 4 жасөспірім анықталып, аудандық полиция бөлімінің 1 пунктіне ата-анасы шақырылып, тиісті ескерту хаттамасы толтырылды. "Түнгі қаладағы балалар" жедел профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде жүргізілетін болады.

– Жалпы, Сырдария ауданы бойынша тәртіптік іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бір дәлелі "Жолда қабылдау" республикалық акциясы аясында жол қозғалысын реттеу бойынша көпшілік кеңінен ақпарат ала білді. Сонымен бірге жол ережелерін сақтаудың негізгі талаптары  ескерілді. Ал "Түнгі қаладағы балалар" жедел профилактикалық іс-шарасы бойынша түнгі мезгілде жүрген балалар анықталды. Балалардың ата-аналарымен жеке-жеке сөйлесіп, қоғам тыныштығын сақтау керектігін айттық. Себебі, балалар түнгі мезгілде компютерлік ойындарға бармау үшін қадағалау күшейтіледі. Бүгінде түн мезгілінде балалар футбол ойнауға әуес. Осындайда балаларды уақытылы үйіне қайтуға үндедік, – деді аудандық мәслихат депутаты Нұрман Абдрасилов.

Тағы да оқыңыз: