Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас-жемқорлыққа байланысты бірқатар түйткілді мәселе қоғам назарынан тыс қалған емес. Өз кезегінде аудандық қоғамдық даму бөлімі сыбайлас-жемқорлықтың алдын алуға қатысты арнайы жобаны қолға алып келеді. Биыл қоғам кеселін болдырмау мақсатында аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы негізінде «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры жұмыс жасайтын болады. Бұл ретте, аталған қордың ұйымдастыруымен «Жемқорлықсыз әлем!» тақырыбында жас суретшілер арасында аудандық байқау өткізілді.
Аудандық байқауға оннан аса талапкер өз туындыларын ұсын¬ған болатын. Сыбайлас-жемқорлықты алдын алуға байланысты ұйымдастырылған байқау қатысушыларының туындыларын арнайы тағайындалған әділ қазы мүшелері саралады. Мәселен, жас суретшілер жемқорлықтың көріністерін қылқаламның құдіретімен көрсете білген. Жер, қаржы секілді бірнеше тақырыпты ашып көрсеткен әрбір суретші қарым-қабілетімен даралана алды.
– Біз сыбайлас-жемқорлықты түбегейлі жою үшін жергілікті тұғындарға акпараттық-танымдық бағытта үгіт-насихат жұмысын жүргізіп келеміз. Жыл көле-мінде бірнеше іс-шара ұйымдастыру жоспарда бар. Ал бүгінгі байқауда жас суретшілер тақырыпты тереңнен қаузай алғандығы көңілге медеу сыйлады. Олар сыбайлас жемқорлық факторларына әкеліп соқтыратын бірнеше мәселені көтергені анық. Байқауға қатысушылар арасында үздік суретшілер анықталды. Алдағы уақытта байқау қатысушыларының суреттері әлеуметтік желіге жарияланатын болады, – деді Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттауға аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов, мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин, аудандық оқушылар үйінің директоры Әділбек Бәйменов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова қатысты.
Бұл ретте, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов талапты суретшілердің өнерін жоғары бағалады.
– Бүгін аудан орталығындағы «Еңбек даңқы» музейінде аудандық қоғамдық даму бөлімінің жобасы бойынша «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры «Жемқорлықсыз әлем!» тақырыбында аудан жастары арасында сурет салу байқауын ұйымдастырылғаны баршаға мәлім. Аталған іс-шараның мақсаты – өскелен ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидатын қалыптастыру, жастарымыздың суреттері арқылы олардың ойларын, көзқарастарын білу болып табылады. Комиссия мүшесі ретінде аудандық оқушылар үйінің директоры, суретші Ә.Бәйменов және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Б.Ордабековпен бірге байқау отырысына қатысып, 14 қатысушының шығармаларын қарап, жеңімпаздарды анықтадық. Шын мәнінде, жас суретшілердің ой толғамы таңқалдырды. Ерекше ойларын қағаз бетіне түсірген талапкерлер жан-жақты өнерімен танылды. Біз аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан дарынды жастарға қолдау көрсетілетінін жеткізгім келеді, – деді орталық директоры.
Әділ қазылардың шешімімен жүлделі І орынды Азамат Исмағұлов, ІІ орынды Айзере Мүзәрапова, ІІІ орынды Айымжан Зейнуллаева иеленді. Барлық қатысушыға арнайы диплом, алғыс хат және бағалы сыйлық тапсырылды.
– Мен кішкентайымнан сурет салуға құмар болдым. Әкем – Жаркен елімізге белгілі мүсінші. Оның туындылары көпшіліктің сұранысына ие. Аталған байқау басталғанын естіген кезімді жалғыз суретпен шектеліп қалғым келмеді. Тақырыпты ашу үшін бірнеше бағытта сурет салуға байлам жасадым. Соның нәтижесінде, байқау жеңімпазы атанып отырмын, – дейді жас суретші Азамат Исмағұлов.