Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінің бас шаһарында облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес өткізілгені белгілі. Кеңейтілген кеңес жұмысында өңірдегі жастар саясатын дамыту жұмыстары талқыланған болатын. Оның барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақты өркендетуде әр салада белсенді еңбек етіп жүрген жастарға өңір басшысы атынан тағайындалған «Сыр үміті» жастар сыйлығын табыстады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көрінген 15 жастың қатарында жерлесіміз, спортшы Бейбітжан Қобланов бар екенін айта кетейік. Жігерлі спортшы Бейбітжан – ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы. Бірнеше жылдан бері спортты жанына серік еткен жерлесіміз алғашында ұлттық жекпе-жекпен айналыса бастаған. Спортшы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетеу университінде әскери сала бойынша оқып жүріп, қойын-қолтық ұрыстың қыр-сырын үйренеді. Жас спортшы байрақты бәсекеде бақ сынау арқылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қойын-қолтық ұрыстан спорт шебері атана білген.
Әмбебап спортшы түрлі деңгейдегі додаларға қатысып, ел мерейін үстем етіп келеді. Білектің күшімен қарсыласынан басым түсетін Бейбітжан Қобланов ұлттық жекпе-жектен ҚР чемпионы, Nomad MMA Азия жүлдегері, ұлттық жекпе-жектен Азия және әлем чемпионы атана білді. Сондақ-ақ жігері мықты спортшы өткен жылы ұйымдастырылған «Оrda zhekpe-zhek championship» халықаралық турнирінде лем чемпионы атағын қорғап қалған.
Сыр елінің намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген мен үшін «Сыр үміті» жастар сыйлығын иемдену қуанышты сәт екені даусыз. Осыған дейінгі қол жеткізген жетістіктерім бір төбе болса, жастар сыйлығы өз ерекшелігімен дараланады. Барша тілеулес жерлестерімнің қолдауын әркез сезінемін. Қай кезде де, ауданымызды жақсы жағынан көрсету – біздің міндетіміз. Әлі талай жарыстарда аудан, облыс, ел мерейін өсіріп, биіктерді бағындыратын боламыз. Отбасында 5 ағайындының үлкенімін. Аталған сыйлықты алғанымызға отбасымызбен дән ризамыз. Әркез тілеулестік білдірген жерлестеріме алғыс айтамын. Алдағы уақытта кәсіби біліктілігімді одан сайын арттырып, әлемдік дәрежедегі жарыстарда жеңімпаз атануға барымды саламын, – деді Бейбітжан Қобланов.
Осы күні кәсіби тұрғыда аралас жекпе-жекпен айналысып келе жатқан жас спортшы алдағы уақытта өткізілетін жарыстарға дайындық үстінде екен.
