Kyzylorda-news.kz. Асқар Тоқмағамбетов ауылы аудан орталығына жақын орналасқан ауылдық округтерінің бірі. Ауыл тұрғындарының берекелі ауызбірлігі мен жарасымды тірлігі бар.
Аудандық газет тілшілері жақында ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылына табан тіреген еді. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтуды мақсат еткен тілшілерге ауылдық округ әкімшілігінің мамандары мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіпкерлікпен айналсып жүрген жастардың баршылық екеін айтты. Соның бірі ауылдың келіні Гаухар Ахметжановамен әңгімелесудің сәті түсті.
Көкшетау өңірінің тумасы Гаухар ауылға келін болып түскеніне бірнеше жыл болған. Ол бос уақытын тиімді пайдалану үшін, әрі табыс табу үшін кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады. Ауыл әкімшілігінен қайтарымсыз грант алудың тетігін біліп, ізденеді. Арнайы курстан өтіп, сертификат иесі ретінде өзінің бизнес жоспарын әзірлейді. Міне, жобасын сәтті қорғап шыққан Гаухар мемелкеттің қолдауынынң арқасында сүйікті ісі тігіншілікпен айналысуына мүмкіндік алды.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, алғашқы тапсырыстарды да орындай бастады.
– Ауылда тігін тігетін келіншектер баршылық. Бірақ, әркімнің өз талғамы бар. Менің ою-өрнек ойып тігетін көрпешелеріме тапсырыс берушілер ризашылықтарын білдіреді. Қайтарымсыз қаражатқа электр тоғымен тігетін су жаңа тігін машинасын сатып алдым. Қажетті мата түрлерін де, ою-өрнектің үлгілерін де алуға мүмкіндік алдым. Тігін тігу менің сүйікті ісім. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеке кәсібімді ашқаныма қуаныштымын. Киім тігуді де үйреніп алдым. Заманауи үлгіде киім пішіп, тігемін. Жұмысты жылдам, әрі сапалы атқаруыма электрлі тігін машина жұмысымды жеңілдетеді. Матаның сапасына көңіл бөліп, ою-өрнек түскен сан түрлі бұйымдарды жасауға дағдыланып келемін. Алдағы уақытта жеке шеберханамды ашып, кәсібімді жандандырғым келеді, – дейді тігінші келіншек.
Жеке кәсіпкер Гаухар асқарлық Ерболат Бахтиярұлымен отасқан. Ауылдағы мақтаулы ісмерге айналған жас келіншек бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында заңгер болып жұмыс жасаған. Сот саласында еңбек еткен бас маманның Сыр топырағына келіп, қалауы мүлдем басқа салаға ауады. Ең бастысы, ісмер келіншек – ата-енесінің қамқоршы келіні, ер азаматының аяулы жары.
Қазіргі таңда ол мемлекеттік грант арқылы үйінен тігін шеберханасын ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Күн сайын тұрмысқа қажетті көрпе, көрпеше, жастық жасауға дағдыланған ісмер кез келген матаны пішіп, ерекше дүниелерді жасап шығарады. Ауыл тұрғындарының сұранысына сай қыз жасауына қажетті дүниелері істеуді қолға алмақ. Киімдерді де еш қиындықсыз тігуді арнайы оқу арқылы үйренген Гаухар ханымның өз ісінің майталманы атану жолында ізденісті серік етіп, мамандардан сабақ алуға жалықпайды.
