Kyzylorda-news.kz. Қазақта киелі саналатын бесік туралы айтылған даналық сөздер бар. Мәселен, «Бесікті саудаламайды, айтқан бағасына сатып алу керек» деген ұғым дәстүрге айналған. Негізінен ұлттық салт-дәстүрімізде бесікті, шаңырақты, табалдырықты кие тұтқан. Бұл үш қасиетті затты ата-баба-ларымыз аяқ асты етпеген.
Иә, шын мәнінде бесік – ұлтымызға тән құнды мүлік. «Атасы жатқан бесікке баласын, немересін, шөбересін, тіпті шөпшегін де бөлеген. Сәбидің ағаш төсегі саналатын қасиетті бесікті шеберлер қайың, қарағай, талдан иіп жасайды. Нәресте өсіп кеткен соң бесікті қастерлеп, орап, жоғарыға алып қояды» – дейді көнекөз қариялар. Кез келген қазақтың үйінде бесік бар. Ол бесіктен шыққан балалар өсіп кетсе, "кейін ұрпағым жатады" деп таза жерге ырымдап сақтап қояды.
Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев елді мекенінде бесік жасаудың шебері тұрады. Шебердің қолынан осы күні жүздеген ағаш өнімдері шыққан. Сонымен қатар бесікті де арнайы тапсырыспен жасайды екен.
Тереңөзектік шеберді арнайы іздеп барғанымызда шебермен жолығудың сәті түспеді. Дегенмен, оның қолынан шыққан ағаш бұйымдарын, дайындап қойған бесік бөлшектерімен бізді көмекшісі, әрі өмірлік серігі Жадыра Әбішбай таныстырды. Шебердің зайыбымен жақсы әңгіме құрудың орайы келгеніне де біз де қуанып қалдық.
Қос қабатты үй-жайының төменгі қабатындағы шеберханасындағы әрбір құралдың атын, қандай мақсатқа жұмсалатынын айтып берді. Жадыра дайын болған бесікке жасауын өзі тігеді екен. Ұлттық нақышта сапалы етіп дайындап, әрбір жасаудың бөлшегін көздің жауын алатындай етіп дайындауға барын салатыны көрініп тұр.
Жадыра үнемі жұбайына қолғабыс жасап, көмектесіп жүретіндіктен, ұстаның жұмысын біршама меңгеріп алғанын байқатты.
Бесік жасаудың шебері Асылхан Наурызбаев – көп балалы отбасының отағасы. Алдыңғы екі қызы тұрмыста. Үйдегі төрт баланың төртеуі де мектеп оқушысы, кенже балаларының есімі – Мұхамедәли.
Көп балалы отбасының ата-анасы жұмыссыз болғандықтан, қол қусырып отыруды жөн көрмейді. Бұрыннан ойлап жүрген сүйікті ісіне отбасының арқасүйер азаматы осыдан 10 шақты жыл бұрын кіріскен. Ұсталықты жандандыруды қолға алған Асылхан ағаштан түйін түйіп, оны кәсіпке ұластыруды мақсат етеді. Ең алдымен қажетті құрал-жабдықтарын алу үшін үйін кепілге қойып несие алады. Ұстаның жұмысына қажетті құралдарды сайлап алған соң, жаны қалаған іспен айналысуға кірісіп кетеді.
«Ең алғашқы бесікті үлкен қызымыз тұрмысқа шығып, нәрестелі болғанда жасап шықты. Бесіктің керемет болып, өз ойынан шыққаны сонша, бесіктің жасауын өзімнің тіккенімді қалады. Қасымда кеңес бере отырып, жабдығын бірге тігіп шықтық десек болады. Құдалар риза болып, алғашқы тапсырыс та түсе бастады. Қазір отағасының қолынан шыққан бесіктің бірнешеуі Түркістан, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына кетті», – деді Жадыра алғашқы жасаған еңбектерін еске алып.
А.Наурызбаевтың ұсталығы – қанында бар қасиет. Оның ағасы да ауылға кезінде ұсталығымен аты шыққан шебер болған. Ол кісі ер-тұрман жасаумен қатар, тасқалаушылық өнері де болған. ауылда алғашқы болып егін егіп, оның жемісін ерте көретін отбасылардың қатарында болғанын ауыл аймақ түгел біледі. Еңбекпен есейген отбасында балалары да қаражұмысқа ысылып өскен.
Әңгіме барысында ұстаның жары бесік жасаудың қыр-сырына тоқталды. Алдымен бесік жасайтын ағаштарды таңдап, базардан өзі сатып әкелетін ұста ағаштарды әбден кептіріп алады. Кейін кепкен ағашты жонып, кесіп, бесік жасауға кіріседі. Бірінші, бесіктің арқалығын немесе белағашты дайындайды. Оның ұзындығы 70-75 сантиметр болады. Сонан соң «бөген» деп аталатын бөлігі жасалады. Ол алдыңғы бас, артқы бас болады. Сонымен қатар жақтау, шабақ, сабау, жорға, тақтай сияқты бөліктері жасалады. Барлығы дайын болғанда әрқайсысын желімдеп, құрастырады. Бас-аяғы 10-15 күнде дайын болатын бесікті шебер оюмен айшықтайды. Мұнан соң ашық, әр беретін түспен сырланады. Бесік дайын болғанша шебердің зайыбы оның жабдығын жасауға кіріседі. Матаның ең төзімдісі – масаты. Ши, жөргек, кепіл, жастық, көрпе, таңғыш, қысқы және жазғы жапқыш сияқты жабдықтарын тігуге машықтанған тігінші әрбір бөлшекті ою-өрнекпен безендіреді. Қазір жасап жатқан бесіктің таңғышын құрақпен құрап тігуді жөн көріпті. Бұл тапсырыс берушінің сұранысына сай жасалып жатқан дүние.
Жадыра көп балалы ана болғандықтан әрине, бірінші кезеккте балаларының тәрбиесіне аса көңіл бөледі. Оларды сабаққа жіберу, ас-суын дайындау, үй шаруасымен айналысу – күнделікті әдеті. Соның арасында бір мезгіл отағасына да қолғабыс етеді. Кәсіп етіп отырған соң күнделікті қажеттілікті шебердің тапқан табысымен өтейді.
Мемлекет тарапынан алып келген жәрдемақыны отбасы тиімді жұмсайды. Қаражатқа бесік жасауға қажетті ағашты, қала берді матаға жұмсайды. Жадыра кәсіпке мамандану үшін қайта даярлаудың 3 айлық курсынан өтіп, тігіншілікке маманданған. Кәсіпкерлік палатасына бизнес-жоспар ұсынып, қайтарымсыз грант та алған. Бұл қаражатқа ол соңғы үлгідегі тігін машинасын сатып алған. Электрмен жұмыс істейтін машинасымен түрлі тігісті қажет ететін бұйымдарды жылдам әрі әдемі етіп тігеді. Соңғы кезде Жадыраны арнайы іздеп келіп, тапсырыс беретіндердің де қатары көбейген. Олар құрақ көрпе, жастық, фэтр матасынан тігілген той-табаққа арналған бұйымдар жасауға тапсырыс береді.
«Маған ең бірінші тігіншілікті үйреткен бас киім тігудің шебері Катя апайға алғысым шексіз. Бір жыл бойы шеберден көп нәрсе үйрендім. Сонан соң тұрмысқа шығып, отағасы да бұл өнерден құр алақан емес екенін білдім. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей тігіншіге тән қасиетті естен шығарған емеспін», – дейді тәжірибелі маман.
«Қимылдаса қос шебер, қыруар-қыруар іс өнер» демекші, берекелі отбасындағы қолөнер шеберлерінің бүгінгі кәсібі сұранысқа ие.