Kyzylorda-news.kz. «Жұлдызай-2023» республикалық Ұлттық Инклюзивті ойындарының облыстық кезеңі өтті.
Жыл сайын ұйымдастырылатын Ұлттық инклюзивті ойындарына ерекше спортшылар, түрлі диагнозбен науқастанатын әртүрлі жастағы балалар қатысады. Мұндай инклюзивті, бейімді спорт әлем бойынша жақсы дамығанын айта кету керек.
Жалпы инклюзивті ойындар балалардың тез, әрі сапалы сауықтырудан өтуіне мүмкіндік беретін спорттың түрін қамтиды. Ерекше балалар бәсекелі спорттық ортада қоғамға тез сіңіп, бейімделе алады.
Міне, балалар өміріне қажеттілігі мол спорттық іс-шараға қатысқан сырдариялық ерекше балалар жарыстан олжалы оралды. Атап айтқанда Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінің оқушылары екі спорт түрінен жеңіске жетті. Үстел теннисі және жеңіл атлетика бойынша барлық қарсыластарын жеңіп, бірінші орынды алды. Үстел теннисінен Айбатыр Көбейсін, жаттықтырушысы Жансая Пайзуллаева, қарсылас шақ келтірмесе, жеңіл атлетикадан Айерке Қайратқызы, жаттықтырушысы Аида Байсалбаева, барлық спортшылардан озып, үздік атанды.
Қос спортшы алдағы уақытта өтетін республикалық кезеңге жолдама алып, сый-сияпат пен арнайы дипломды еншіледі.
Жыл сайын өтетін "Жұлдызай" Ұлттық Инклюзивті ойындарға мектеп-лицейден жас ерекшеліктеріне байланысты оқушылар қатысады. Ерекше балалардың өзге балалармен қарым-қатынас жасауына, спорттық бәсекеге түсуіне мол мүмкіндік беретін ойындар балалардың дамуына да жақсы әсер етеді. Әрбір жарыс сайын келесі жолы да жарысқа түсуге деген құлшыныстары, белсенділігі артып отыратынына қуанамыз. Барлық баланың қуанышы үшін жарысқа келгендердің барлығы сыйлықсыз қайтпайды. Мейлі жарыста озбаса да, республикаға жолдама алмаса да ынталанып, жігерленіп қайтады. Жарысты ұйымдастырушыларға, демеушіліреге айтар алғысымыз мол. Алдағы өтетін республикалық жарыста да қос баламыз жүлдемен оралады деген сенімдеміз. Ол үшін балаларды күнделікті жаттықтырып, дайындық жүргіземіз, – дейді Айбатырдың жетекшісі Жансая Пайзуллаева.
Айту керек, фестиваль ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және қоғамда инклюзивті ортаны қалыптастыруға үлес қосу мақсатында өтті.