Kyzylorda-news.kz.  Нағи Ілиясов ауылындағы көп балалы ана Айзат Жаулыбаева қыз жасауының шебері атанғанына біршама уақыт болды. Тігін тігу ісімен айналысу жас келіншектің анасынан бала кезінен үйренді. Бар ынта-ықыласымен анасының жанында отырып, құрақ құрап, әдемі көрпе-көрпешелерді тігіп үйренген Айзат болашақта кәнігі шебер атануды алдына мақсат етіп қойды. 

Ұлттық дәстүрге сай тұрмысқа шыққан қыз балаға төсек-орнын дайындау, дүниесін беру – ата-ананың міндеті. Бұрын қыздың анасы өз қолымен көрпе-төсегін тігіп, жасауын жасап беретін болса, қазіргі заман ағымына сай оны арнайы шебер дайындайды. Ақшаң болса болды, тапсырыс беріп, қыз жасауын көздің жауын алатындай етіп тігіп беретін шеберлер бар.

Нағилық Айзат та қолынан келетін іспен айналысуға мемлекеттің жұмыссыздарға беретін мүмкіндігін пайдалануға бел буды. Айзат жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытының «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру туралы» тетігі бойынша өз жобасын қорғап шығып, тиісті қаржыға қол жеткізді. Осы қаржыға екі бірдей шетелдік тігін машинасын сатып алды. Электр тоғымен жұмыс істейтін тігін машинасымен түрлі тігістерді жылдам, әрі сапалы, әдемі етіп тігуге мүмкіндік алды. Айзат көбіне ауыл тұрғындарынан қыз жасауына, бесік жасауына, ұлттық киім тігуге, киімді өңдеуге тапсырыс алады. Оның қолынан шыққан көрпе-төсекті Алматы, Қызылорда қаласынан, көрші Шаған, Шіркейлі ауылынан арнайы келіп алып кетіп жатады.
Күміс алқа иесі 5 қыз бен бір ұлдың анасы. Оның тігін тігумен түбегейлі айналысуға оның қазіргі денсаулық жағдайы да себепкер болды десек артық айтқандық болмас. Осыдан бірнеше жыл бұрын денсаулығы күрт нашарлап, ақ халатты абзал жандардың арқасында дертіне шипа табылып, ауыр күндер артта қалды. Сәтті өткен емнен соң оңала бастаған жас анаға дәрігерлер сүйікті ісімен шұғылдануына рұқсат берді.

– Қазір көңілімді аудару үшін осы іспен айналысамын. Ойыма неше түрлі сәнді ою-өрнектер келеді. Оны қиыстыра қиып, пішіп, осындай әдемі бұйымдар жасаймын. Тапсырыс та аз емес, барлығына үлгеруім керек, – дейді шебер Айзат Сұлтанбекқызы.

 Қазір анасына қолғабыс етіп жүрген Күнсұлу қызының да талабы таудай. Ол анасына ұқсап, епті саусақтарымен ою оюға шебер-ақ. Тігісін жатқызып, тігін машинкасымен зырылдатып тігін тіккеніне көз сүйсінеді. «Анаға қарап қыз өсер» деген осы дейсің еріксіз. Нұрсұлу, Жансұлу, Бибінұр, Ұлту мектеп оқушылары болса да, бір мезгіл анасына қарайласып, үй шаруасына көмектесіп, аналарының сүйікті ісімен шұғылдануына жағдай жасайды. Ал кішкентай қамшы ұстар батыр Нұрдос әкесінің қолқанаты болып өсіп келеді.

Айзаттың жолдасы Серік Жаулыбаев шаруашылықта механизатор болып еңбек етеді. Отағасы қолы қалт еткенде келіншегі тағы да мемелкеттен қолдау көріп, қол жеткізген Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «Еңбек» бағдарламасы арқылы қаржыға алған малды күтіп-бағуға жәрдемдеседі.

Осылайша көп балалы отбасы өз күшімен бастаған кәсіптерінің игілігін көріп, ел алғысына бөленіп, өзін өзі жұмыспен қамтып, әрі табыс тауып келеді.
 

Тағы да оқыңыз: