Kyzylorda-news.kz. Облыс орталығында жыл сайынғы үрдіспен «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауы өткізілген болатын. Байқауда түрлі бағытта кәсіптерін жандандырған жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін ортаға салып, сайысқа түскені мәлім. Аталған көрме арқылы өңірдегі кәсіпкерлік саласындағы жарқын жетістіктер көрсетілді.
Еңбек адамын құрметтеп, насихаттауды тапсырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деп атап өткен болатын. Қазіргі таңда қоғамда кәсіпкерлердің беделі көтеріліп келеді. Екі қолға бір күрек іздеген жанға мемлекет те ұдайы қолдау көрсетуде.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауы да осындай игі іс шаралардың бірі сасналады. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен өңірлік көрме-байқауына барлығы 80 кәсіпкер қатысуға өтінім берген еді. Кәсіпкерлердің өзі іріктеуден өтіп, көрмеге 64 кәсіпкер қатысуға жолдама алғандығы мәлім. Маңызды көрме-байқаумен қатар ұйымдастырылған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша облыстың 23 кәсіпкері өтінім беріп, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынға анықталды. Жүзден жүйрік шығып, өнімдері көпшілік сарапшылар таңдауына ие болған кәсіпкерлер қатарында сырдариялық кәсіпкерлер де бар.
Аудан мен ауданға қарасты ауылдық округтерден бес кәсіпкер «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына өз қолынан шық-қан өнімдерін ұсынды. Олардың ішінде бал өнімдерін өндіруші Роллан Олинов, тәтті өнімдерін пісіріп, он саусағынан бал тамған Айсәуле Уббихожаева, макарон өнімдерін өн¬діріп, тың кәсіпке бастама жасаған Ғалымжан Таңатаров бар. Сонымен қоса тігін өнеркәсібін жандандырып жүрген Ақжарқын Шахманова мен көздің жауын алатын ұлттық киімдерді тігіп, көпшілік сұранысына ие болған Гүлзат Құдайбергенова өз өнімдерін облыс орталығында халыққа ұсынды. Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында текемет басып, ұлттық өнерді өркендетіп жүрген Марияш Алжанова, қой жүнінен кілем тоқып, сұранысқа ие болған Салтанат Абдраманова, бал өнімдерін ұсынып, халықтан қолдау тапқан Эльмира Туретаева өз өнімдерін облыс орталығына алып барды.
Аталған іс шараға облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы, Өңірлік кеңес мүшелері, байқау сарапшылары қатысты. Сондай-ақ өнім сапасын тұрақты түрде жоғары деңгейде қамтамасыз етіп, республика көлемінде кәсібін дөңгелетіп жүрген еңбек адамдары өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімін бизнес, мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын сарапшылар бағалап, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Облыс әкімінің орынбасары жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен теледидардың сертификатын табыс етті. Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова өзге қатысу-шыларға «Алғыс хаттар» табыс етті. «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына арнайы қатысқан сырдариялық кәсіпкерлер арнайы Алғыс хат және естелік-сыйлықтармен марапатталып, аудан мерейін үстем етті.
Сондай-ақ көрмеде қолөнер шебері Роза Әлбатырова түкті кілем тоқудан, суретші-қолөнерші Малика Сұлтанғазина иірілген құрғақ жүннен басу техникасында панно, сәнді қолөнер, кәде-сый, ойыншықтар, аксессуарлар жасау, «Резин арт» және барельеф техникасы арқылы эпоксидті шайырмен суреттер мен декор элементтерін салу, кенеп¬терді, шыныаяқ ұстағыштарды, табақша-ларды безендіру, былғары және поталь, аралас техникада декорация жасау, сурет салу әдісі бойынша шебер-сынып көрсетті.
– Көрме-байқау – кәсіпкерлер үшін үлкен тәжірибе алаңы. Күнделікті қауырт тіршіліктен бір сәт бой жазып, өзге кәсіпкерлермен пікір алмасып, тәжірибеміз толығып қайттық. Мемлекет кәсіпкерлерді ұдайы қолдап келеді. Есесіне біз де өз еңбегімізді ел экономикасын көтеруге арнай бермекпіз. Кең көлемді іс-шараны ұйымдастырушыларға, қолдау көрсеткен жандарға, аудандық кә-сіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мен кәсіпкерлер палатасы мамандарына алғыс білдіргіміз келеді. Негізінен, Кәсіп бастайм деген ниеті бар адамдарға айтарым қаражат көзін тауып, қымсынбай жұмыс жасай білу керек. Тауарын өтімді, сапалы болса, тұтынушы өзі келеді. Сондықтан менің өзім тігін тігу саласын меңгеру үстіндемін. Әркез ізденуден жалықпаған дұрыс – дейді «Айнара» тігін шеберханасының негізін салған кәсіпкер А.Шахманова.
