Kyzylorda-news.kz.Тереңөзек кентінің тұрғыны Бекзат Меңлібаеваға ата кәсіп мал шаруашылығы етене таныс. Бала кезінде ата-анасы қорада төрт түлік мал ұстап, оны азыққа жаратқан. Міне, сол дәстүрді қайта жандандыруға ден қойған Бекзат Шопан ата төлін қой өсіруді қолға алып, оны кәсіп көзіне айналдыруды жөн көрді. 

Қазір екі қолға бір жұмыс таппай сенделіп жүрген жұмыссыздар баршылық. Олардың қатарын толықтармай, кәсіп бастаймын деушілерге көрсетілетін мемлекеттік көмекті тиімді пайдаланып, бизнес жоспар әзірледі. 

Міне, бағдарламаның арқасында қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, қой шаруашылығымен айналысқаны да біршама уақыт болды. Қойдан алынатын өнімнің пайдасы көп болғандықтан ата кәсіпті одан әрі дамытып, қой басын көбейтуді де мақсат етті. Бүгінде кәсіпкер қорасын қойға толтырып, Шопан ата төлін көбейтуге бірыңғай ден қойды.

– Бала кезімізде қорамыздан мал кеткен емес. Ата-анамыз уақ малдың күтімін біздерге балаларға тапсыратын. Қораны тазалап, уақытылы жем-суын беретінбіз. Бұл бір жағынан еңбекке баулу болса, екінші жағынан үлкендерге қолғабыс болатын. Қорадағы мал береке. Ет-сүт өзіңнен шығады. Әсіресе үйге қонақ келе қалса, дереу қой сойып, қонақасын беретінбіз. Қонақжайлылық танытып, көрегендік жасауды үлкендерден үйрендік. Міне, қазір де сол дәстүрмен келе жатырмыз. Қораңда мал болса, етті сатып алмайсың және қажетіңе жарататын қаражат көзі де болады, – дейді шағын шаруа иесі Бекзат Сарманқызы.

Жұмыссыз ретінде тіркелген жас кент тұрғыны Назерке Алдамжарқызы мемлекеттің өз кәсібін бастаушыларға берілетін көмегін тиімді пайдаланғандардың бірі. Жас кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз бизнесін бастауға көмек алған Назерке мемлекеттік грант ұтып алды. Оның да мақсаты қой өсіріп, одан мол өнім алу. Шопан ата төлін өсіру мен көбейтуге бағытталған бағдарламасын әзірлеген кәсіпкерге ата-анасы көмек береді. Әзірге тоқтыларды өсіріп, оны ет бағытына өткізуді іске асыруда. Осылайша мал шаруашылығын дамытып, өзін өзі жұмыспен қамтыған Назерке ата кәсіпті жандандыруда.

– Өздеріңізге белгілі, пандемия кезінде ел-жұрт әбіржіп кетті. Ауруға шипа іздеген халық қымыз, қымыран ішіп, қойдың етін пайдаланды. Міне, сол кезден бастап қой өсірумен айналысып келемін. Қойды төлдетіп, оның басын көбейтуді де жоспарладым. Қазір қазақы бағып, оны ет бағытына жұмсап келемін. Бұрынғының адамдары осы қорғасындай болатын қойдың етін жеп, ауырмаған. Қойдың еті мен құйрық майы денсаулыққа пайдалы тағам ретінде бағаланады. Бұрын қойды адамдар тек қана діни мерекелерде немесе сыйлы қонақ күткенде ғана іздейтін. Ал, қазір қойдың базардағы бағасы да өсті. Әрине, қой өсіру арқылы ата кәсіппен айналысып, шаруамызды дамытуды мақсат еттік. Отбасымыз үшін қосымша кіріс көзі саналатын кәсіпті бастауға мемлекеттік бағдарлама мүмкіндік берді. Сондықтан мал шаруашылығын дамыту бағытында қабылданған шаралардың тиімділігі көп деп ойлаймын, – дейді жас та болса мал шаруашылығына икемделе бастаған Назерке Алдамжарқызы.

Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланып, өз бизнесін бастап, табыс тауып отырған кәсіпкерлерге "кәсіптеріңіз өркендей берсін" деген тілек қосамыз.

Тағы да оқыңыз: