Kyzylorda-news.kz. Бүгінде  жылдам дайындалатын тағамдар мен дайын өнімдер үлкен сұранысқа ие екені мәлім. Осы бір жағынан көпшілік үшін уақытты үнемдеудің жолы болса, екіншіден тойымды әрі пайдалы ас ішу – денсаулықтың кепілі болып табылады.

Бұл  ретте, аудан орталығында тағы бір жаңа кәсіп түрін қолға алған жас кәсіпкерлер жетерлік. Олар жартылай дайын өнім шығарады. Демек, жайылған қамыр, кесілген кеспе, бүгілген мәнті, қаттама нан сияқты кез келген ұн және ет өнімдерін таба аласыз. Сатып алушыға дайын әрі дәмді жартылай дайын тағамды тек қана қазанға қойып, пісіріп алу ғана қалады. Жұмысбасты жандар мен тосыннан келген қонақты риза етіп күтіп алу кезінде де қыз-келіншектерге ұтымды.

Мағжан Төлегенов жаңа кәсіп түріне кірісуіне қазіргі заман ағымы ықпал еткенін айтады.

Бұрыннан кәсіптің түрлі саласын көріп, осы сала айналасында еңбектеніп келеміз. Жақында жақсы бір ой келіп, жұбайым екеуіміз іске кірістік. Қарбаласы көп қазіргі кезеңде жартылай дайын өнімдер үлкен сұраныста әрі аудан көлемінде тың бастама деуге негіз бар. Өз қаражатымыз есебінен жайлап бастап жатырмыз. Халық тарапынан сұраныс болса, мемлекет тарапынан қолдау болса, алда үлкен жоспарларымыз бар, – дейді жас кәсіпкер.

«Ai`s food» өзінің халал өнімдерін халыққа ұсынып келеді. Тұрғындардың сұранысы да көп, кәсіпкерлерге алғысы да бар. Жас кәсіпкер бұл кәсіпті бастау үшін Шымкент қаласына барып, арнайы білім алған. Тағамды дұрыс қатыру, оны сақтаудың өзіндік құпиялары бар. Кәсіпкер шырайлы қалада танымал, сұранысқа ие дүкен өнімдерін біздің ауданда жасап шығаратын болады. Айта кетейік, орталық халықты 25 түрлі жартылай дайын өніммен қуантпақ. Алдағы уақытта тағам түрлері тағы да артатын болады.

Қазір бізде ресми түрде үш адам жұмыс істейді. Десек те, үлкен еңбектің артында бірнеше адамның жұмысы бары анық. Бүгінде он шақты адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Өнімнің арнайы халал сертификаты бар. Әр өнімнің сыртына бекітілген жапсырма қағазда құрамы толық көрсетілетін болады. Тек табиғи және таза тағамдарды қолдана отырып, халықты қуанта береміз. Алдымен аудан халқының сұранысын өтеп, өріс кеңейтіп облыс көлемінде таза, дәмді өнім ұсынуды жоспарлаудамыз. Тек жартылай дайын өнім сататын дүкен ашып, көпшілікке пайдалы кәсіп түрін жандандырғымыз келеді, – дейді кәсіпкер.

Айтпақшы, «Ai`s food» жартылай дайын өнімдерін сатып алу арқылы мол сауапқа кенеле аласыз. Бір жағынан, жылдам әрі тойымды ас дайындап, отбасы мүшелерін қуантсаңыз, екіншіден әрбір өнімнен түскен ақшаның бес теңгесі «Харекет» қорына аударылып отыратын болады. «Тамшыдан тама-тама дария болар» демекші, бағасы қолжетімді өнімді тұтына отырып, сауапқа кенелсеңіз, бұл да бірқуаныш ғанибет.
 

Тағы да оқыңыз: