Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда ауылдық жерлерде кәсіп ашып, ісін өркендетіп жатқан тұрғындар көп. Халықтың сұранысына сай кәсіп бастағандар мемлекет тарапынан қолдау тауып, өзімен бірге бірнеше ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі «AISHA» шағын кондитерлік цехының иесі Гүлжан Әбдіғаппарова. Кәсіпкер қазіргі таңда 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Гүлжан Әбдіғаппарова 1996-1997 жылдары тоқырау кезінде үйде отырып тәтті күлше пісіріп, 10 жыл бойы көрші аудандарға сатқан. Кейін үйдің алдынан екі бөлмелі ғимарат салып, несиеге көлік алып, кәсібін кеңейте бастады. 2010 жылы кәсіпкерлікке заңды тұлға ретінде тіркеліп, «AISHA» атауымен нан өнімдерін шығаруға кірісті. 

Тоқашының дәмділігімен танымал болған соң  тапсырыс үздіксіз түсе бастады. Бөлке мен тандыр нан пісіретін кәсіпкер кейіннен арнайы кеш пен мерейтойларға торттың түр түрін дайындап беретін болды. 

«Бәрін кезінде өз бетімше үйрендім. Кейін интернеттен қарап, өзімді дамыттым. Арнайы көлігіміз бар, орталықтағы 15-20 дүкенге өнім өткіземіз. Осылайша отбасылық кәсіпті жолға қойдық», – дейді Гүлжан Әбдіғаппарова. 

Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы төмен пайызбен несие алып, шағын цех салып, кәсібін кеңейткен. Қазір мұнда 15 адам жұмыс істейді.

«Цехта күніне мың дана бөлке нан шығады. Қосымша 300 дана тандыр нан пісіреміз. Ал торт пен басқа тәттілерге арнайы тапсырыс қабылдаймыз. Қай өнімнің де сапасы дұрыс болса ғана сұраныс тоқтамайды», –дейді кәсіпкер. 

Кәсіп ашып көкжиегіңді кеңейту мүмкін еместей көрінгенімен қиындықпен еңсерген бүгінгі бизнес – көпшілікке жақсы мысал. Ұл-қызын адал еңбекке баулып, отбасылық шаруаны дөңгелеткен кәсіпкер ананың қажырлы еңбегі ерен. 

315890331_1314984659262728_8500687555217322469_n.jpg

Тағы да оқыңыз: