Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Оның алдын алу мақсатында Сырдария ауданында түрлі іс-шаралар, жиындар, акциялар, түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді.
Осы ретте, 2023 жылдың 22 маусымында Cырдария аудандық емхана қызметкерлерімен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиын «Сыбайлас жемқорлықты болдырмау шаралары және оның алдын алу» деген тақырыпты арқау етті. Кездесуге арнайы мамандар және аудандық емхана қызметкерлері қатысты. Түсіндірме жұмыстарын аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Т.Нұрмағанбетов жүргізді.
Аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы жиында сыбайлас жемқорлықты болдырмау шаралары және оны алдын алу тақырыбына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық көріністеріне бармау, жол бермеу керектігі жөнінде айтылды. Егер осындай оқиғаға тап болған жағдайда қандай әрекетке бару қажеттігі де сөз етілді.
Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды. Сала маманы осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақыттарда да өз жалғасын табатынын айтты.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның ең басты қауіп-қатерлерінің бірі. Бұл кесел мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, ел экономикасының ілгерілеуіне үлкен кедергі келтіріп отыр. Десек те, осындай келеңсіз құбылыстармен күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың парызы екенін естен шығармаған абзал.