maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Киелі сыр елі өзінің білімді де білікті перзенттерімен мақтанады. Еліміздің түкпір-түкпірінде сан-салада қызмет етіп, ел алғысын алып жүрген азаматтардың бірі – Дінмұхамед Тәждинов екенін айта кетейік. Сырдариялық жас Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында онкология саласында дәрігер онколог-уролог болып қызмет етеді. Дінмұхамед Бектұрғанұлы – белгілі діни қайраткер, емші Садық Ахунның шөбересі екен. Сыр өңіріне аты шыққан, шипагерлігімен ел алғысына бөленген дәрігер Тәждин Садықұлының немересі. Ата жолын жалғаған Дінмұхамедтің әкесі Бектұрған Тәждинұлы – туған жері Ақжармада ұзақ жыл халықтың денсаулығын сақтауда абыройлы қызмет еткен азамат. Оқырмандар назарына дәрігерлер әулетінен шыққан ақ халатты абзал жан – Дінмұхамед Тәждиновпен сұхбатты ұсынамыз.

– Дінмұхамед Бектұрғанұлы, өзіңіз туып-өскен ауыл несімен қымбат? Балалық шағыңыз, мектепте тәлім-тәрбие берген ұстаздарыңыз жөнінде айтсаңыз?

– Туған ауылым – Ақжарма, менің туып-өскен, осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімнің негізі десем болады. Өйткені, бала күннен алған тәрбием – өмір бойы адам болып қалыптасып, қоғамда өз орнымды тауып, шыңдалуымның кепілі. Менің ата-анам сол ауылдың азаматтары және саналы ғұмырында ауылға қызмет еткен жандар. Ал әрбір азамат үшін кіндік қаны тамған туған жер ыстық әрі қымбат екені даусыз.

Менің балалық шағым атам мен әжеммен байланысты десем болады. Себебі, мен сол кісілердің тәрбиесінде болдым. Атам да, әкем де дәрігер болып қызмет еткеннен кейін, біздің балалық шағымыз адам денсаулығымен тығыз байланысты. Үйде үнемі жан-жақтан келген емделуші науқастар болатын. Олар айлап, жылдап жатып емделе беретін, оларды ешқашан жатсынбай, біздің үйдің адамындай қарап, сауығып кеткен соң шығарып салатынбыз. Ауылдың күнделікті келіп-кететін тұрғындарын айтпағанда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар бір сәтке де үзілген емес.

Өзім ауылдағы №130 Абай атындағы орта мектепте орта білім алдым. Алғашқы ұстазым – Жанар Жайлауоваға алғысым шексіз. Сол кісінің бізге деген мейірімділігі мен сабаққа деген қаталдығының және осы мектептің мұғалімдерінің арқасында білім нәрімен сусындап, өзім қалаған мамандық иесі атана білдім.

– Дәрігерлік сіздің әулетіңізде атадан балаға жалғасып келе жатқанын айттыңыз. Сіз мамандық таңдауда қателеспеген сияқтысыз. Ұрпақтан-ұрпақ¬қа жалғасып келе жатқан дәстүрді одан әрі жалғастыру үшін алдыңызда қандай мақсат болды? Қандай жоғарғы оқу орнын бітіріп, қандай дәрежеге жеттіңіз?

– Иә, бұл сәтті мен қуана да, мақтана айта аламын. Өйткені, бабалар салған жол бізге бұйырып, оны әрі қарай жалғастыру мен үшін әулет алдындағы борышым деп санаймын. Алға қойған мақсатыма келсем, ата-бабаларым медицинаның ежелгі де, кейінгі де салаларын меңгерген. Ал өзім дәрігерлер әулетінің жалғасы ретінде медицинаның бүгінгі жетістіктерін меңгеріп, тағы бір жаңа бағытын игеріп, елге өз пайдамды тигізуді мақсат етіп қойдым. Алматы қаласында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық Медицина университетін 2010 жылы бітірдім. Осы жылдар ішінде хирургия, урология, нефрология, онкология мамандықтарын игердім. І санатты дәрігермін. Қоғамдық денсаулық сақтау бойынша медицина ғылымдарының магистрі атандым. Қазіргі таңда өзім оқыған Қазақ ұлттық Медицина университетінде студенттерге дәріс беріп, тәжірибелік сабақ жүргізіп келемін.

– Қазіргі медицина мен бұрынғы медицинаның айырмашылығы жер мен көктей. Озық технологиялардың арқасында түрлі ауруларды ерте анықтап, емдеуге болатын дәрежеге жеттік. Дегенмен де соңғы жылдары бүйрек ауруына, онкологиялық дертке шалдыққандар көбеймесе, азаймай тұр. Бұл біздің елдегі жағдай ма, әлде әлем бойынша жағдай осылай ма? Аталған дертке шалдықпас үшін, алдын алу үшін не істеу керек? Адамдардың дені сау болуына не кедергі деп ойлайсыз?

– Расында, айтқан сөзіңіздің жаны бар. Бұрынғы медицина мен қазіргі медицинаны салыстыруға келмейді. Үй салуда іргетастың қалануы қаншалықты маңызды болса, медицинаның да іргетасы ежелден қаланып келе жатқан ғылым саласы. Әрине бүгінгі жетістіктер – бұрынғы ерен еңбектің айқын нәтижелері. Қазіргі таңда дерттің көбеюі немесе жаңа түрінің қалыптасуы бүгінгі дамыған заманның өзіндік кері ықпалы. Бұрынғы уақытта аурудың түрін таба алмай немесе емдеу жолдарын анықтай алмай қиындықтар туындаған болса, бүгінде оның сан түрлілігі мен шалдығу жиілігінің көбеюі мәселе туындатады. Атап айтсақ, аға ұрпақ заманында табиғи өнімді тағамдар, таза экология денсаулық үшін маңызды болып, қолжетімді болса, керісінше заманауи дамыған елде жартылай фабрикат, тағам тектес балама өнімдердің көбеюі, өндіріс қалдықтарының артуы, техниканың сан түрі, жалпы урбанизация, радиация, химиялық қалдықтар көбейіп, көптеген аурулардың жиіленуіне әкеліп соқтыруда.

ХХІ ғасыр технологиялар мен өндірістердің дамыған заманы болғандықтан, бұл әлемде қалыптасқан жағдай десек болады. Бірақ, өкінішке қарай, біздің еліміз аурушаңдық бойынша алдынғы қатарда десек қателеспейміз. Қазір Қазақстанда медицина алға адымдап, шарықтап дамып келе жатқанымен әлеуметтік аз қамтылған, жағдайы төмен адамдар көбеймесе, азаймай тұр. Бұл дегеніміз адамдардың өздеріне жағдай жасауларына мүмкіндіктерінің шектеулі екендігінің көрінісі. Тағы бір айта кететін жағдай, жоғарыда айтқан табиғи өнімдер, таза ауа бұрындары ауылда болатын болса, жартылай фабрикаттар мен көп санды техникалар қазір елді мекендерге де жетті.

Дені сау адам болуы үшін саламатты өмір салтын ұстанып, дер кезінде медициналық тексерістен өтіп тұру керек. Зиянды заттардан аулақ болып, уақытылы демалу, дұрыс тамақтану – денсаулықтың кепілі. Ал осының барлығы болуы үшін не керек деген сұраққа – аталған мәселені қоғамдық деңгейде немесе мемлекеттік деңгейде көтеріп, осыған барынша жағдай жасаған дұрыс болады дер едім. «Әрбір адам өз денсаулығы үшін жауапты немесе өз денсаулығың өз қолыңда, саламатты өмір салтын әркім өзінен бастау қажет» дейтін болсақ, бұған мемлекет тарапынан да зор қолдау керек.

Бүгінгі күйбең тіршіліктің соңында жүрген адамдар денсаулықтарына көп мән бере бермейтіні рас. Бұл ретте, тұрғындардың дәрігерлерге жаны қиналған кезде ғана келетіні өкінішті.

– Күрделі ота жасауда Сіздің де өзін¬дік қолтаңбаңыз бар. Ең алғаш рет жасаған ағза ауыстыру отаңыз өте сәтті өтіпті. Ота қай жылы, неше жастағы адамға жасалды және ол адамның қазіргі жағдайы қандай? Жалпы, алдағы уақытта ағза ауыстыруға мұқтаж адамдар мұндай мүмкіндікке жете алады ма? Барлығына қолжетімді болады ма?

– Күрделі ота жасауда өзіндік қолтаңбам бар деп айтуға әзірше ерте. Бұлай дейтінім, мен – медицинада өз еңбек жолымды енді бастаған мамандардың бірі саналамын.

Ең бірінші бүйрек трансплантациясын 2013 жылы 41 жастағы азаматқа жасаған болатынмын. Бүгінгі таңда ол азаматтың жағдайы жақсы. Әлі күнге дейін хабарласып, бақылауда тұрады. Сондай-ақ өмірімде және дәрігерлік тәжірибемде ерекше орын алатын маңызды сәттің бірі – 2014 жылы Қызылорда облысында алғаш рет орындалған бүйректі трансплантациялау отасы. Туған жерде еңбек жолымды бастаған облыстық медицина орталығында алғаш болып бұл отаны жасау және негізгі хирургтар құрамында болу мен үшін үлкен мәртебе болды. Ол кезде мен А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында дәрі¬гер-хирург болатынмын. Жерлесім 1985 жылғы Ердәулет есімді азаматқа жасалған ота дәрігерлік тәжірибемде тарихи сәт болып қалды. Ердәулет те әлі күнге дейін хабарласып, ризашылығын білдіреді.

Бүгінді таңда аталған ота түрлері Қазақ¬станның барлық азаматтарына қолжетімді. Әзірге еліміздің үлкен қалаларында ғана жасалуда. Алдағы уақытта Қызылордада жасалады деген сенім мол.

– Мамандығыңыз бойынша медицинаның бірнеше саласын меңгерген екенсіз. Қазіргі кезде дәрігер ретінде Сізді не алаңдатады? Адамдардың денсаулығын сақтауда қандай кеңес бересіз?

– Әр жылдары медицинаның әртүрлі саласында қызмет жасадым. Десек те барлығы да зәр шығару жүйесі ағзаларының дертімен, ақауларымен байланысты болды. Дәрігер ретінде бүгінгі қоғамда етек алып бара жатқан медицинадағы жемқорлық пен дәрігерлерге деген адамдар көзқарасының өзгерісі алаңдатады. Дәрігер мейірімділікпен ұштасатын мамандық болғаннан кейін адамдарға мейлінше жақсы қарым-қатынас пен көзқарасты талап етеді. Ал бүгінде өзіне деген өшпенділікті байқаған дәрігер еріксіз немесе амалсыз қорғанады, халықтың өз тілінде жауап береді. Бұл көптеген түсініспеушілікке алып келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар дүниеге келген нәрестелердің ақаулармен туылуы, жас балаларда аурушаңдықтың көбеюі, онкологиялық аурулардың жасаруы сынды көптеген мәселелер де алаңдататыны рас.

«Ас – адамның арқауы» деп ата-бабаларымыз айтқандай, тағы да ескертетінім, дұрыс тамақтану – мықты денсаулықтың кепілі. Әдет-ғұрыпты сақтап, ұлттық болмысымызды ұстану – дені сау ұрпақ өсірудің кепілі.

– Жас та болса қиын әрі күрделі мамандықты меңгеріп, алғыс арқалаған ақ халатты абзал жанның ата-анасы, отбасы туралы білсек? Ауылға жиі келіп тұрасыз ба?

– Әкем – дәрігер Бектұрған Тәждинұлы. 1952 жылы дүниеге келген. Ол кісі 2006 жылы дүние салды. Өмірінің соңғы күніне дейін туған ауылы Ақжармада дәрігерлік қызмет атқарды. Анам – мұғалім Татьяна Жолдасқызы. Анам да Ақжарма ауылында 35 жыл ұстаздық қызмет атқарды. Қазіргі таңда зейнеткер. Отбасында бес ағайындымыз, төртеуміз дәрігерлік қызмет атқарамыз. Үйдің кенжесімін. Құдай қосқан жарым өзіммен бірге оқып бітіріп, медицина саласында жұмыс істейді. 3 бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Мүмкін болса, орайлы сәтті пайдаланып, ауылға жиі келіп тұрамын. Ауыл мен үшін әрқашан ыстық, халықтың ықыласы ерекше, топырағы жаныма тіреу.

– Шалғайда жүріп, елге қызмет еткен азаматтың жүрегі әркез туған елмен бірге болуына тілектеспіз. Сырдария жұртшылығы қайда жүрсеңіз де амандығыңызды тілейді. Рахмет.

 

Тағы да оқыңыз: